Ардагерлер АЭС-ке қатысты пікір білдірді
Жақында АЭС құрылысын қолдау жөніндегі Балқаш қалалық штабының мүшелері ардагерлермен кездесу өткізді. Іс-шара барысында спикерлер Президенттің АЭС салу туралы референдум өткізу бастамасының маңыздылығына тоқталып, бұл қадам «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының көрінісі екенін атап өтті.

– Атом электр стансасын салу турасында қоғамда әр түрлі пікір бар. Бірі – одан табиғат пен қоршаған орта жапа шегетіндігін айтса, бірі – ел экономикасының жаңа серпіні үшін қажет екендігін айтуда. Өткен ғасырдағы ірі жарылыстар мен экологиялық апаттың зардабын әлі тартып келе жатқан халықтың үрейі де жоқ емес. Бұндай үлкен жобаларды жан-жақты сараптап, елдің ертеңін ойласып, шешім қабылдау керек, – дейді Балқаш қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Тайтөлеу Жұманов.

Сонымен қатар, АЭС құрылысын қолдау жөніндегі Балқаш қалалық штабының төрағасы Дидар Мұратұлы АЭС-тің экономикалық пайдасын, көмірқышқыл газын азайтуға ықпал ететіндігін атап өтті. Сондай-ақ, АЭС салу елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, тұрақты дамуына жол ашатынын жеткізді. Жиын соңында штаб мүшелері тұрғындарды референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Өз тілшімізден