Қоғам

Арбакеш, базар және Мен

400 келі жүк тиелген арбаны итеріп келемін. Бет алысым – «Алтын арба» базарының автотұрағы. Арақашықтық шамамен – 130- 140 метр. Маңдайдан тер шып-шып шықты. Қолғап кисем де, алақанымнан сыз өтіп барады. Әлсіреп, алқынып қалдым. Жетегіне ие бола алмай, арбаның қос дөңгелегі мені әрлі-берлі алып ұрады. Тоқтасам, арбаны қайта қозғау мүмкін емес. Ойлағаным – осы қарқынмен діттеген жерге барып, бірақ аялдау. Қу жаным қалды. Бұл – менің базардағы бір-ақ күнім. Ал, мұны кәсіпке айналдырып, нан тауып жүргендерден хабарыңыз бар ма? Бір ғана «Шығыс» базарының өзінде 300 арба бар. Демек, 300 жұмыс күші деген сөз. Таңның атысы, күннің батысы арба сүйреп, нан табады. Денсаулығының бір бөлігін де осында тастап кетеді. Мұның бәрін бір күн мамандығымды ауыстырғанымда өз көзіммен көріп қайттым…

25-ШІ НӨМІРЛІ АРБА

Үйден шыққанымда күн әлі көтерілмеген еді. Терезедегі термометрдің тілі – 4-те тұр. Өткендегі аязға қарағанда бас киімсіз жүретін қыс. Бірақ, маған қалың күрте мен шалбар қабаттап кию керек. Аяқта – қалың етік. Күні бойы сыртта жүрудің оңай емес екенін біліп, қымтанып алдым. Бір күнімді базарда өткізу үшін алдын ала «М» есімді азаматпен келісіп, туысы есебінде бармақпын. Ал, былай барсаңыз – «нан» жоқ.

Ертемен тұрақтағы арбаның біреуін алмақшы болып едім, тұрақ иесі бермеді. Онда тұрған телешкенің өз иелері бар екен. Сөзіне қарасаң – босы жоқ. Сонымен не керек, өзім келіскен «М»-ның келгенін күттім. Күн әлі ұядан көтерілмеген. Әйтсе де, базардың тіршілігі басталып кетіпті. Үлкен көлікке тиелген жүкті арбакештер базар ішіне тасуда. Қап-қап жеміс-жидекті арбаға артқанда, тоннаға жуық салмақ басады. Тіпті, одан асып та кетуі ғажап емес. Арба да дәл сондай салмақты көтеруге арнайы жасалған.

Әлгі келіскен азамат мені «бауырым» деп таныстырды да тұрақ иесінен бір телешкені алып берді. Тұрақта телешкенің неше түрі кездеседі. Бірақ, әрқайсының қожайыны бар. Маған бұйырғаны 25-ші нөмірлі үш аяқты арба. Оның бір дөңгелегі жарық және. «Бұйырғаны» деп, ала жөнелдім.

АРБА МЕН АРБАКЕШ

Базардағы арбалар екі, үш және төрт дөңгелекті болып бөлінеді. Егер, тәшкеге иелік еткің келсе, сатып аласың. Әрине, бос болса. Мәселен, төрт дөңгелекті арба – 130-150 мың теңге маңайында. Ал, үш дөңгелекті 70-100 мың. «Арба» деген аты болмаса, тек айналып тұрған дөңгелегі мен қаңқасы ғана. Одан соң оны өз қалауыңша жасап, нөмірлейсің. Осы бөлшектерді пайдалана отырып, жаңадан жасап алуға да рұқсат.

Арбакештің де үш түрі бар. Біріншісі, 15-20 жыл істегендер. Олардың тұрақты тұтынушылары бар. Таңертеңнен түске дейін жүріп, қайтып кетеді. Екінші бөлігі – 9-14 жыл, ал, үшіншісі – келіп-кетіп жүргендер.

Үш дөңгелекті арбаны бір күнге алғаным үшін тұрақ иесі менен 800 теңге алды. Бұл сомаға арбаны жалға алу ақысы, тұрағы және салығы кіреді екен. Аптасына 4500 теңге. Ал, арбаң меншікті болса – 3500 теңге. Бір күнге шаққанда – 600 теңге. Айына есептей беріңіз. Біраз ақша. Жылы жерде отырып жұмыс істейтіндердің өзі айына мұндай мөлшерде салық төлемейді де. Сонда, арбакештердің тапқан бір күндік ақшасы апталық салыққа кетіп тұр. Алайда, өздері бос тұрған телешкелерді сатып алып, меншіктеген. Тіпті, бас-басында екі-екіден бар. Біреуін өзі пайдаланса, екіншісін тұрақ иесіне тапсырып қоятын көрінеді. Сол арқылы жалға беріп, үстінен аз-маз тиын-тебен көріп жүр.

БАЗАРДЫҢ ЖАЗЫЛМАҒАН ЗАҢЫ

Ия, бұл жердің де өз заңы бар. Турасын айтқанда – жазылмаған заң. Бірақ, бәрі біледі. Іштей уағдаласқан. Ешкім бұзбайды да. Жеміс тиелген бір қорапты жабық базардан сырттағы бөлшек-сауда орнына апару үшін, жәшік басына 20 теңге. Ал, «Көкөніс» коммуналдық базарына бет алсаң, 30 теңгеден есептейсің. Мұндағы арбакештердің қызмет құны – кемі 500 теңге. Одан төмен түспеуің керек. Жүктің салмағына қарай бағасы да шарықтай береді. Тіпті, көптен істеп жүргендер 5-10 тиын болса да саудаласып, артық алуға әккіленген. Ал, жалдап алған адамыңның көңіліне қарап, жібитін болсаң, бүкіл арбакештердің қызмет құнын төмендеткенің. Мұндай қателікке – жол жоқ.

Жекеменшік дүкен иелері де таң атысымен көтерме бағамен сауда жасайды. Олар үшін жол жүріп, қала кезіп кеткеннен әлдеқайда тиімді, әрине. Тауарды көлікке дейін жеткізіп беретін – арбакештер. Жабық базардан көлігі тұрған автотұраққа дейін апару құны – 2 мың теңгеден жоғары. Баға ара қашықтық пен жүктің салмағына қарай артып отырады.

Жұмысқа алғаш шыққан адаммен ортаға үйренісіп кеткенше ашық-жарқын әңгімелеспейді екен. Бұл да өзіндік ұстанымдары. Сондай-ақ, тұтынушы келіп, жүк мөлшерін айтып саудаласып тұрса, төмен баға ұсынып алдын орап кету – кешірілмейтін іс. Әркім өз нәпақасын тауып жүргенде, белден басу жоқ.

 

«АРБА КЕРЕК ПЕ?..»

«Арба керек пе?», «Мен боспын!», «Кімге көмек керек?»… Дәл осылай өз-өзіңді жарнамаламасаң, саған ешкім қарамайды да. Мен де 25-ші нөмірлі арбамды сүйретіп, айқайға басып келем. Кейбірі өзінің арбакеші бар екенін айтып, бұрылып та қарамайды. Ия, бұрыннан істеп жүргендердің бір-бір тапсырыс берушілері бар. Қажет кезінде қоңырау шалса, жетіп барады. Мен секілді қатарға жаңадан қосылғандарға ештеңе жоқ. Ақша тапқың келсе, бір орында тұрмай әрекет етуің керек.

Базар ішін шарлап келем. Кенет, «Көкөніс» коммуналдық базарынан сауда жасап шыққан сатушы жан-жағына қарап тұрғаны сол еді, қасына жетіп бардым. Жеміс-жидекке толы 16 жәшік тұр. Телешкеме лезде тиеп алдым. Әрбір жәшік 10 келіден болса, барлығы 160 келі. Артылған жүк арба үшін ештеңе емес. Бірақ, жарылған дөңгелектің салдарынан екі есе күш түсті. Одан қалаберді базар іші жылтыраған көк мұз. Қар түскелі бірде-бір рет тазаланбаған. Арбаны алға итерген сайын аяғың тайып, күш ала алмайсың. Оқыста алдыңнан адам шыға қалса, жүкке толы арбаны тоқтату оңай емес. Мұндай жағдайда адам сені бірінші өткізуі керек, немесе соқтығысасың. Базардың тарлығы және бар. Кейбір бұрылыста қарсы бағытта келген арбамен беттесіп қалатын сәттерің жиі болып тұрады. «Сен өткіз де, мен өткіз» әйтеуір, ымдасып, кезекпен өтесің.

«Шығыс» базары – жекеменшік мекеме. Тұрғындар саудасын жүргізу үшін жалға жер алып, салық төлеп отыр. Сатушылар мен автотұрақ иелері және басқалары да бар бұл тізімде. Ал, базардың тазалығына, қауіпсіздігіне жауапты – базар иесі. Жалға алушылар өзіне тиесілі жерді тазартса болды, басқасында шауасы жоқ. Арбалардың дөңгелегі жарылса да, тұрақ иелері жамап бермейді. Кімге тиесілі, сол жөндеуге міндетті. Базар ішіндегі қатқан мұзды да ойып жатқан ешкімді көрмедім.

«ЖЫРТЫҒЫМЫЗ ЖАМАЛЫП, ЖОҒЫМЫЗ ТҮГЕНДЕЛДІ»

Мынаны айтыңызшы. Базарда жұпыны киініп, арба сүйретіп жүрген жанды көргеніңізде не ойлайсыз? Тарау-тарау әжім басқан жүзіне қарап, олар жайлы ойлап көрдіңіз бе? Жақтырмай қарауыңыз әбден мүмкін. Бірақ, олар да мемлекетке салық төлеп, ақша тауып жүрген қарапайым жандар. Құл да, жарлы да емес. Арба сүйрейді демесеңіз, тапқан табысы біз ойлағаннан әлдеқайда жоғары. Қанша тапса да, маңдай терімен, еңбегімен тапқан адал еңбегі.

Қара сөмке асынған қалталы мен арба иесінің мына бір әңгімесін құлағым шалып қалды. Арбакеш тұтынушының алған қапқап жеміс-жидектерін арбаға тиеп, тұрақтағы көлігіне артып берген. Жабық базардан тұраққа дейінгі аралық – шамамен 150 метр. Тиелген жүктің жалпы салмағы – 400 келі. Осы қызметі үшін қара сөмкеліден 3 мың теңге сұрапты. Ал, ол айтқан бағаны қымбатсынып, келіспеген. Сондағы уәжі мынау: «Осы базардан Оңтүстік-Шығысқа жету үшін таксиге 1000 теңге төлеймін. Жүкті қоссақ, көп болса 1500 теңге шығар. Мына тұрған жерге неге сонша көп аласың?» – дейді күмпілдей. Иә, әр нәсенің екі жағы бар ғой. Бұл ақша біреулер үшін көп болуы мүмкін, бірақ біреулер соған тәуелді. Еңбегін сатып, денсаулығын беріп тұрған арбакештің еңбегін бағаламағаны бұл. Әйтпесе, жарты тоннаға жуық жүкті ақ қар, көк мұзда сүйретіп әкелген еңбегін көрмейді дейсіз бе?!

Мұндағылар басқа жұмыс іздеуге де қызықпайды екен. «Күзетшінің айлығын базарда бірнеше күннің ішінде табасыз» дейді. Ал, кейбіреуінде диплом жоқ.

– Телешке сүйретіп жүргеніме 12 жыл болды. Осы уақыт ішінде үй алдым. Артынан жаңа көлік те алдым. Алғашқыдай емес, етіміз үйренген. Осы арбаның арқасында жыртығымыз жамалып, жоғымыз түгенделді, – дейді бір көкем.

Қазір арбакештердің жұмысы бәсеңдеген. Сауда жоқ. Кейбір күндері базарға адам келмейді екен. Ал, жұмыстың қызатын тұсы – жаз. Ақшаның көкесін осы кезде табатын көрінеді.

АРБАКЕШ ҚҰЛ ДА, ЖАЛШЫ ДА ЕМЕС

Арбакеш болған жарты күндегі табысым 3 мың теңгеге шықты. Тәшке сүйреп, базарға бірінші рет шығып тұрған мен үшін жақсы көрсеткіш. Кешкісін бір адам хабарласты: «Әй, балам, ертең мына жерге кел. Жұмыс бар саған» – деп тұратын жерін айтты. Сонымен не керек, бірге екіні қосып, әйтеуір құтылдым. Олар менің журналист екенімді қайдан білсін?!

Арбакештердің барлығының жүзі – жүдеу. Таңғы 6:00-де базарда тұруы керек. Қанбаған ұйқы жеп жіберетін секілді. Түскі астарын да атүсті ішіп, жұмысқа жүгіреді. Сондағысы – фастфуд. Ыстық тамақ ішуге уақыт – тығыз. Дұрыс тамақ ішпесең, әл де болмайды. Және күштің бәрі аяқ пен қолдан бұрын белге түседі екен.

Мұнда жүрген барлығының жағдайы жақсы емес. Кейбірінде арба сатып алатын ақшасы болмай, мен секілді қағылған-соғылғанына ұрынып жүр. Алмайын десе, ақша керек. Бұдан бөлек білдей облыстың орталық базарына жер аумағы тарлық етеді. Бұл маңда кептеліс, жол көлік апаты да жиі. «Базар көшеді» деген сыбыс бар. Бірақ, анығын ешкім білмейді. Барлығы алдағы күннің еншісінде. Егер де солай болған күннің өзінде, бәрі басқаша болар ма еді?! Кім білсін?!

Генералдың баласы – генерал, бастықтың баласы – бастық боламын дейді. Ал, арбакештің баласы ше? …Арбакештің арманы не екен?..

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button