Руханият

Арайлым салған ән қандай!

Жақында ғана Арқаның ару әншісі Арайлым Жүкенова «Әнім самға» шығармашылық ән кешін өткізді. Бұл ән концерті бұрынғылардан әсте өзгерек болды. Тыңдармандарын кеш иесінің тек ғажайып дауысы ғана емес, сахнаның ерекшелігі мен кештің жаңа форматы таң қалдырды.

Әнші Арайлымның кә­сіби сахнада жүргеніне 15 жылдан аса уақыт өтіпті. Ән әншінің бағын ашады. «Дудар-ай», «Гаухартас», «Жас қайың» секілді қазақ әндерінің жауһары Арайлымның орындауында халықтың ілтипатына бөленді. Тыңдарманы көп сұрайтын әні «Қараторғайды да» шырқады.

Арайлым, өнердің өз ба­ласы. Саз да, сөз де жазады. Осы уақытқа дейін 20-дан аса ән жазыпты. Ән жазу өнері мюзикл жазудан басталыпты. Мұнымен қоса, бірнеше рес­публикалық конкурстардың, қалалардың, ауқымды іс-шаралардың гимнін де жазған. Өнерпаздар өз арасында Арайлымды «гимн жазғыш» деп әзілдейді екен.

Туған жерін аңсап, сө­зін де, әнін де өзі жазған «Ға­жайып мекен» атты әнін белгілі әнші, Мәдениет саласының үздігі Гүлбану Серіковамен қосылып шырқады. «Арай» квартеті және талантты әнші Дулат Ахановпен де бірігіп, бірнеше ән орындады.

Асқар тау әкесі Панаш Рахымұлы нағыз өнердің жанашыры болыпты. Арай­лымды жастайынан же­тектеп, өнер аламанына қосқан да әкесі екен. Әкесінің рухына арнап, ән орындады.
Бала Арайлым үнемі «Угәй-әй» деп ән айтып өсіпті. Сол бір сағыныш сәттерін есіне алып, «Угәй» әнін жаңа нұсқада ұсынды. Қазақ ән әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, эстрада жұлдызы, кештің басты қонағы Құрмаш Маханмен дуэт болып ән шыр­қады.

Кеште «Әнім самға», «Жұлдыз», «Шексіздік», «Асыл ардағым», «Өмір жолы» секілді әндер шыр­қалды. «Аққу» фольклорлы-хореографиялық би ансамблі мен «Сүйінші» Би театрының мың бұралған бишілерінің де өнері ән кешінің ажарын ашты.

– Қанша уақыт дайындалған, уайымдаған, күткен кешіміз сәтімен өтті. Бұл – үлкен команданың еңбегі. Әуелі, қажеттімен қамтамасыз еткен Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің басшылығына, концерттің бояуын келтіріп, көзге көркем, құлаққа жағымды қыла білген талантты режиссер Абай Қапасовқа, кеш қонағы болып, мені қолдап, әсем әнін, биік есімін арқалап келген Құрмаш Махан ағама, кешті көтеріп тұрған басты тірек, ол – бэнд, шығармашылық командаға, техникалық қызмет көрсету ұжымына алғысымды айтамын. Біз өнерге бір күнде келген жоқпыз және бір күнге келген жоқпыз. Өнер жолында жүргеніме қатты қуанамын. Мен ұстаздардан жолы болған жанмын. Бойымдағы бір түйір өнердің бүр жарып, өсуіне ықпал еткен сонау бала күнгі ұстаздарымнан бастап, Алматыда мемлекеттік «Гүлдер» ансамблінде қызмет етіп жүргендегі жол көрсетер ұстаздарым, бүгінде өзім қызмет етіп жүрген Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік қабырғасындағы ұстаздарыма құрметім зор! – дейді мерейі тасыған әнші.

Кеш соңында облыс­тық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының орынбасары Айжан Шәкенова құттықтау лебізін білдіріп, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің Алғыс хаты мен гүл шоғын табыс­тады. Мұнымен қоса, қала әкімі Мейрам Қожықовтың да кеш иесіне ықылас гүлі тарту етілді. Арайлым Панашқызы – бірнеше респуб­ликалық, халықаралық ән байқауларының жеңімпазы, Қали Байжанов атындағы концерт бірлестіктің әншісі. Өнердің ізіне түсіп, Алматы, Астана асқан жоқ. Қарағандыда жүріп-ақ қазақ әнінің жарық жұлдызына айналды. «Әнім самға» ән кеші соның жарқын дәлеліндей.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет кеш иесінен

Басқа материалдар

Back to top button