Жаңалықтар

ҚАРА БИ КЕСЕНЕСІ ЖАҢАРДЫ

   Заманында Жақсы Жанқұттымен, Өскенбайдың Құнанбайымен, Шорманның Мұсасымен, Есеттің Көпбайымен, Арқаның басқа да жақсыларымен қатар жүрген Бәйтікұлы Қара бидің есімі көпшілікке жақсы мәлім болса керек. Сол кісінің бір ғасырдан астам тұрған ақырет үйі-мазары «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жаңартылды.

Қара би Бәйтікұлы заманында оқыған, Омбыда фельдшерлік курсты тәмамдаған, барынша сауатты болған адам. Қарқаралы төртінші басқармасында (денсаулық сақтау), Қотанбұлақ, Керней болыстықтарында фельдшер болып жұмыс істеген, күйдіргі, шешек, тырысқақ сынды жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстарын жүргізген. Керней болыстығының болысы болып сайланған. Алатауда бала би, Арқада дана би атанған шешен адам болған. Қара би айтты деген сөз бүгінде ел құлағында жүр.

Би бақилыққа озғанда ел-жұрты Қайрақты өзенінің бойында басына Арқа жұртында кездесе бермейтін еңселі де сәулеті келіскен мазар тұрғызады. Ол жер содан бастап Қарасаз деп аталады. Сол сәулет өнері жермен жексен болуға айналған-ды. Үш камералы мазар қайта жарақтау жұмыстары жүргізілгеннен кейін қайтадан елдің көз қуанышына айналды. «Қара би моласы» деген атпен мемлекеттік қорғауға алынды. Басына ескерткіш қойылды.

Қарасаз бойында өткен атақты бабамыздың жаңа кесенесінің ашылу салтанатына ел көптеп жиналды. Салтанатты жиында бабамыздың ұрпақтары Мәжит Әбдіров, Мәжен Рақымжан келіні, Ермек Мұқаш, Парламент депутаты Нұрлан Әбдіров, жазушы Кәмел Жүністегі, ел ағалары Боранбай Жұмкин, Зәрубай Сүйіндіков және басқалары сөз сөйлеп, құтты болсын айтысты, кесенені қалпына келтірген түркістандық құрылысшыларға алғыстарын білдірді.

Төрехан МАЙБАС

Суретті түсірген

Дулат БАЙКЕН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button