Жаңалықтар

Қарағандының қомақты үлесі

Әлем назарын тіккен «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қарағандылықтардың үлесі қомақты. Келер жылы Астанада қанат жаяр жаһандық шараның әзірлік жұмыстарына көмірлі өлке тұрғындары бүгіннен атсалысуда. Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ қатысуымен өткен жиында аймақ тарапынан қолға алынған іс-шаралар пысықталды.

Көрме шеңберінде Қарағанды облысы бойынша 6 туристік бағыт түзілді. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваның айтуынша, бұл мақсатта үш қарағандылық туроператор, яғни, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Nomadic Travel Kazakhstan» және «Павлин-Тур» компаниялары «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясымен әріптестік жөніндегі меморандумдарға қол қойды. Бағыттар арқылы туристер Қарағанды облысының бірқатар өңірлерін аралап, табиғат көркімен таныса алады.

Туристер жүретін жолдар бойын қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етуге көңіл аударылуда. Бағыттауыш тақталар орнату, туристік нысандарға баратын жолдарды жөндеу, мұражайлардағы, автобустардағы гидтер қызметін жандандыру, синхронды аударма құрылғыларын қамтамасыздандыру, қонақүйлер мен кемпингтер қызметін оңтайландыру жұмыстары жүргізілмек.

«Астана ЭКСПО – 2017» компаниясының болжамынша, «көрмеге 2 млн. адам келеді» деп күтілуде. Оның 85 пайызы қазақстандықтар болса, 15 пайызын шетелдіктер құрамақ.

Келушілерге қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында қонақүй нысандары құрылысы қарқын алуда. Былтырдан бері жалпы құны 3,5 млрд. теңгеге 21 нысан тұрғызылып, қайта жөндеуден өтті. Нәтижесінде, жатын орындар саны 856 орынға көбейді. Оның 321-і Қарағанды қаласының еншісінде. Бұлардың қатарында «Cosmonaut» отелінің қайта жөндеуден өтуін, «Aparthotel », «ParkHotel», «MISSMARY», «ОZZ» қонақүйлерінің ашылуын ерекше атап өтуге болады. Көрме басталғанша Теміртау және Қарағанды қалаларында бірнеше қонақ үй кешендері салынып, қайта жөндеуден өтеді. Мұндай 5 жоба жүзеге асады. Жобалардың құны 3 млрд. теңгені құрайды.

Қазіргі таңда облыста жайлылығы түрлі деңгейдегі 219 нысан бар. Бұл кешендерге бір мезгілде 12609 адам сыйып кетеді.

«Бастапқы кезеңде біздің облысымыздың міндеті – «ЭКСПО – 2017» көрмесінің құрылысына құрылыс материалдарын тасымалдау мен жобалау болды. Бүгінде келесі кезеңге өтіп отырмыз. Бізден көрмеге ақпараттық қолдау көрсету, туристік бағыттарды қамтамасыз ету, еріктілер жасағын дайындау, көрмеге көрермендер тарту талап етілуде», – деп атап өтті аймақ басшысы.

Көрме нысандары құрылысына материал жеткізу жағынан Қарағанды облысы ел өңірлері арасында екінші орынды иеленіп отыр. Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Төлеген Игембаевтың мәлімдеуінше, көрменің құрылысына қатысушы мердігер ұйымдар қарағандылық 21 кәсіпорынмен сомасы 8,6 млрд. теңге болатын 23 келісім-шарт жасады. Ірі келісімге қол жеткізгендер сапында «КЗМК – Имсталькон» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «№2 Теміртау ҚазМеханоМонтаж» ЖШС, «Гранит» ӨК бар. Аталған кәсіпорындар құрылысқа металл құрылымдары, мырышталған болат, гранит жеткізуге міндеттелген. Бұдан бөлек, қарағандылық өндіріс орындары көрме нысандарына жылу радиаторларын, құбырларды, құрылыс қоспаларын, бояулар, өрт сөндіру жүйелерін тасымалдауда.

Сондай-ақ, көрмеде қызмет көрсететін мамандарды даярлау бағытында облыстағы 21 оқу орны тиісті шараларды атқаруда. Мұнда мамандарды ағылшын тіліне үйретіп, экскурсовод, аудармашы, шет тілі мұғалімі, аспаз-кондитер, гид-аудармашы кәсіптері бойынша дайындауда. Орта және жоғарғы оқу орындары студенттері қатарынан 150 ерікті жас жасақталды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, жергілікті туристік бағыттарды жетіл­діру жұмыстарын жалғастыра беруді және көрме дайындығына қарағандылық кәсіпорындарды көптеп тарта түсуді міндеттеді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button