Қарағандының білім ошақтарында Ұлттық күнтізбе енгізілді
Қарағанды облысының мектептеріндегі бірыңғай тәрбие жоспарына «Ұлттық күнтізбе» енгізілді. Жоба авторы – Нұржан Сұрша.
Ол қазақ халқының құндылықтарын сақтауға және насихаттауға бағытталған. Күнтізбеде елдің тарихы мен мәдениетіне қатысты 42 атаулы дата бар. Атаулы күндерді облыстың 417 мектебіндегі 170 мыңнан астам оқушы танып-білмек.
Мұндай күнтізбе алғаш 2019 жылы жарық көрген. Араға 4 жыл салып Ұлттық құндылықтарды сақтауға және насихаттауға бағытталған «Ұлттық күнтізбе» Қарағанды білім ордаларына енгізілді. Жобаның авторлары күнтізбенің ұрпақ тәрбиесі мен елдің мәдениетінде алар орны ерекше деп отыр. Әсіресе онда Қарағанды өңіріне танымал батырлардың ғұмырнамасына басымдық берілген. Алдағы уақытта күнтізбені мәдениет және спорт мекемелеріне енгізу жоспарланып отыр.
Күнтізбенің білім ордаларына енуіне орай Жоғары политехникалық колледжінде тұсаукесер салтанаты өтті. Күнтізбе 18 рухани құндылықты, 3 дәстүрлі мерекені, 6 дәстүрді, 24 тарихи тұлғаны насихаттайды. Бұған қоса, онда 8 тарихи оқиға насихатталады:
– 1729 жылғы Анырақай шайқасы;
– 1841 жыл – К. Қасымұлының бүкіл қазақтың ханы болып сайлануы;
– 1891 жыл – түркі жазуы құпиясының ашылуы;
– 1911 жыл – бірінші Конституцияның жарық көруі;
– 1970 жыл – Есік қорғанынан Алтын адамның табылуы;
– 1991 жыл – тұңғыш қазақстандық ғарышкер Т. Әубәкіровтың ғарышқа ұшуы және т. б.
Күнтізбенің айтулы күндері қазақ әдебиетіне, ұлт денсаулығына, тарихына, салт-дәстүрлерге, өнерге, мемлекеттік тілге, ұлттық тағамдарға, тарихи қайраткерлерге, ұлттық ойындарға, туған жерге және т. б. арналған. Сондай-ақ күнтізбеде қазақ халқының күні бар.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz