Білім

Қарағандылық оқушылар үздік атанды

Дәстүрлі түрде Торайғыров университетінде өткізілетін «XXIII Сәтбаев оқулары» Халықаралық ғылыми конференциясынан «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей интернатының 9-сынып оқушылары жүлдемен оралды.

Аталмыш конференцияға ғалымдар, ЖОО және колледж оқытушылары, мектеп мұғалімдері, ЖОО және колледж студенттері, сондай-ақ 5-тен 12-сыныпқа дейінгі мектеп оқушылары қатысты. Өңір бойынша 1200-ге жуық жұмыс келіп түскен. 8 ғылыми бағыт бойынша 40 секциялық отырыс өтті.  «Дарын» амандандырылған мектеп-лицей интернатының «Паприка» командасы «Энергетика» секциясында «Аккумуляторлық құрылғы – күн панельдеріне арналған қосымша» жобасын қорғап, І орын иеленді. Команда құрамында аталмыш мектептің 9-сынып оқушылары Ерасыл және Нұрасыл Төлеубаев, Таймас Қарғабай мен Дастан Исмаилов бар.

– Біздің құрылғы турбина мен сорғы орналасқан негізгі резервуардан тұрады және оның үстінде автоматты клапаны бар су мұнарасын, негізгі басқару модулін – ардуино, батареялар мен тұрақтандырғышты, күн панелін орналастырған платформа бар. Күндіз панель батареяларды қуаттандырады, содан кейін тұрақтандырғыш сорғыға электр қуатын береді және су мұнараға айдалады. Түнде, күн энергиясы болмаған кезде, клапан төмендейді, су турбинаны айналдыра бастайды. Энергия электромагниттік индукция Заңы бойынша өндіріледі. Турбинада магниттер орналасқан, жақын жерде негізгі электромагнит орналасқан. Турбина айналған кезде магниттер негізгі электромагниттің өрісін өзгертеді, осылайша электр тогын шығарады, – деп түсіндірді оқушылар.

Жеңімпаздардың ғылыми жобалары жинақталып баяндама ретінде әрі электронды нұсқада жарыққа шықпақ. Сонымен қатар, Satbayev University веб-сайтына да жарияланады.

Ербол ЕРБОЛАТ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button