Білім

Қарағандылық оқушылар Халықаралық Жәутіков олимпиадасынан жүлдемен оралды

Халықаралық Жәутіков олимпиадасында қарағандылық оқушылар бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Олар үш пән бойынша – математика, физика және информатика пәндерін жетік білу бойынша өзара бақ сынасты.

Н.Нұрмақов атындағы ММЛИ оқушысы Рамазан Пердебай күміс жүлде иеленді. Ал, сол мектептің оқушысы Әлішер Қазтаев пен №1 БИЛ өкілі Абзал Бекежан қола жүлдегер атанды.

– Олимпиадаға екі оқушымызды жібердік. Олар математика, информатика және физика пәндері бойынша үздік. Рамазан өз пәндері бойынша – V, ал, Әлішер – XV орынға табан тіреді. Бұл лайықты көрсеткіш. Жазда республикалық олимпиада болады. Егер Әлішер жақсы нәтиже көрсетсе, республикалық құрамаға кіреді, – деді Н.Нұрмақов атындағы ММЛИ информатика пәнінің мұғалімі Айдар Сейілханов.

– Мен мұндай олимпиадаға алғаш рет қатыстым. Бірақ менің информатика пәні бойынша басқа да халықаралық жарыстарға қатысқан тәжірибем бар. Бұған дейін Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасының күміс медалін, Қазақстандық білім беру олимпиадасының күміс медалін және басқа да түрлі деңгейдегі олимпиадалардан жүлдем бар, – деді №1 БИЛ 10-сынып оқушысы Абзал Бекежан.

Халықаралық Жәутіков олимпиадасы республикалық физика-математика мектебінің базасында өтті. Оған 26 елден 281 команда қатысты.Қазақстандық оқушылардан бөлек, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Румыния, Сербия, Украина, Үндістан, Түркия, Ұлыбритания және тағы да басқа елдердің физика-математика бағытындағы мамандандырылған мектептің 1200-ден астам оқушысы қатысты.

Елімізді зияткерлік жарыстарда 250 оқушыдан құралған 35 команда ұсынды. Қазақстандық оқушылар 66 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 6-ауы – алтын, 20-сы – күміс, 40-ы – қола.

Олимпиада жүлдегерлері еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының атаулы сыйлықтары мен білім гранттарын алды.

– Мұндай зияткерлік конкурстар балалардың білімін тереңдетіп қана қоймай, командада жұмыс істеуге, достық қарым-қатынас орнатуға үйретеді, – деп атап өтті РФММ басқарма төрағасы Руслан Қалиев.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button