Білім

Қарағандылық оқушылар АҚШ-тағы робототехника бойынша Дүниежүзілік чемпионатқа жолдама алды

«Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының JelToqSun командасы робототехника бойынша Орталық Азия ойындарында екінші орынға ие болды және АҚШ-та өтетін FIRST CHAMPIONSHIP – 2023 финалдық Дүниежүзілік жарысына жолдама алды.

Астанада Қазақстанның Білім Министрлігінің қолдауымен USTEM Robotics Қоғамдық Қоры ұйымдастырған Central Asia FIRST CHAMPIONSHIP – 2023 робототехника ойындары аяқталды. Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 1200-ге жуық оқушы қатысты.

Қарағанды облысының намысын сегіз команда қорғады, оның алтауы жүлделі орындар мен номинацияларға ие болды.

«Мұрагер» ММЛИ JelToqSun командасы жарыстарда техникалық білім мен дағдылардың жоғары деңгейін көрсетті және робототехника бойынша Дүниежүзілік жарысқа жолдама иегері атанды.

– Балалар бұл ойындарға ұзақ уақыт дайындалды. Астанаға дейін олар жас робототехниктердің маңызды жарыстарында жүлделі орындарға ие болды. Команда құрамында жеті оқушы бар. Енді олар робототехника бойынша Дүниежүзілік Чемпионатқа қарқынды дайындалатын болады, – дейді “Мұрагер” ММЛИ информатика және робототехника мұғалімі Бердібек Қазығұлов. – Біздің мектептің тағы бір командасы – Alash –инженерлік шеберліктің жоғары деңгейі және жобалаудың инновациялық тәсілдері үшін Engineering Excellence Award номинациясында марапатталды.

BEST PIT AWARD FINALIST номинациясында «Ақпараттық технологиялар» ММЛИ Mirinda командасы жеңіске жетті.

Motivate Award номинациясы бойынша жүлдені Бұқар жырау ауданы Үштөбе тірек мектебінің (Ресурстық орталық) USHTOBE TEAM командасы алды.

Core value аward finalists номинациясында бірінші болып «Дарын» ММЛИ DARYN командасы ұтып алды.

– Бұл байқауда біз өңірлік кезеңде Innovation project номинациясында бірінші орынды иелендік және Core values секциясында жүлдегер атандық. Біз роботтармен жұмыс істеуге көп уақыт жұмсадық және осы секцияда үздік ондыққа кіре алғанымызға қуаныштымыз, – деді команда мүшесі, «Дарын» ММЛИ 8-сынып оқушысы Абылай Қадырбек.

Жарыста сонымен қатар Н.Нұрмақов атындағы ММЛИ #Nurmakov командасы ерекшеленді. Ол сондай-ақ жазда өтетін шетелдік байқаулардың біріне жолдама алды. 

– Біздің жоба жеке сектор мен ауылдық аудандарда электр энергиясының үзілу мәселесін шешуге бағытталған.  Біз оны шешуге тырыстық, – дейді робототехника бойынша жаттықтырушы, информатика пәнінің мұғалімі Айдар Сейілханов. – Біз мұны арнайы құрылғыларды үш фазаға орналастыру арқылы басқара аламыз. Ол үшін макет жасадық, құрылғымыздың қалай жұмыс істейтінін көрсеттік. Балалар жобаны өте жақсы қорғады. Бірақ біз оны одан әрі жетілдіруге ниеттіміз. Жазда Бразилияға немесе АҚШ-қа жарыстарға барамыз деп күтеміз.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button