Қарағандылық оқушы Мақатаев оқуларынан Бас жүлде иеленді
Жыл сайын Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында Республикалық Мақатаев оқулары өтеді. Дәстүрлі байқаудың биылғы кезеңінде бақ сынаған қарағандылық оқушылар жүлдемен оралды.
Аталмыш байқауға елдің түпкір-түпкірінен 64 оқушы қатысқан. Қатысушылар үш «Ақындық сайыс», «Жыр эстафетасы» және «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды» аталымында бақ сынады. «Жыр эстафетасы» аталымында өнер көрсеткен №61 мектептің оқушысы Ақшархат Эшқұлова Гран-при жеңіп алды. Сонымен қатар, «Ақындық сайыс» аталымында өнер көрсеткен аталмыш мектептің 9-сынып оқушысы Нұрғасыр Изат І орын иеленді.
– Ақшархат пен Нұрғасыр облыстық және республикалық оқуларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Мақатаев оқуларында ең қиын номинация Ақшаратта болды. Ол Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек-Райымбек», «Алтай-Атырау» поэмасын жатқа оқыды. Осы санаттағы 19 қатысушы бір-бірін жалғастыра отырып, поэмалардан үзінді оқыды. Нұрғасыр өткен Мақатаев оқуларында ақынның 120 шығармасын оқып, ІІ орынға ие болған. Бұл жолы ол тағы 81-ін жатқа айтып, Бас жүлде иеленді, – деді №61 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дидар Төрекелдина.
Бұдан бөлек, «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды» аталымында бақ сынаған Теміртау қаласындағы №2 мектептің 10-сынып оқушысы Шынар Бақтыбаева Райымбек ауданы әкімінің арнайы сыйлығын иеленді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz