Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағандыдан – Атасуға

10 қыркүйек күні Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының алдынан басталған  велошеру  кеше Атасу кентінде түйінделді. Жолдың жалпы ұзақтығы – 200 шақырымнан астам. Велошеруші – белгілі журналист, ағылшын тілінің маманы Ернат Мелсұлы.

– Велошеру Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойы мен Жаңаарқа ауданының 90 жылдығына арналды. Сапардың демеушісі – өзімнің «Ағылшынша тіл сындыру» кітабым және  Жаңаарқа ауданының әкімдігі. Осы сапар арқылы  жастарды салауатты өмір салтын сақтауға шақыруды және велосипедпен жүруді насихаттауды мақсат тұттым. Өйткені, велосипедтің адам денсаулығына тигізер пайдасы зор. Әрі қоршаған ортаға еш зиян тигізбейтін, экологиялық таза көлік. Бізде де дамыған елдер тәрізді велосипедпен жүретін жұрт көп болса екен деймін. Ол үшін алыс сапарларға шығу міндетті емес. Бар болғаны күнделікті тұрмыста жұмысқа, оқуға бару үшін машинаны емес, велосипедті пайдалану керек. Тағы бір мәселе, бізде әлі күнге дейін велоспортқа лайықты көңіл бөлінбей келеді. Мәселен, Қарағанды қаласында веложолдар жоқ. Бұл велосипедшінің өміріне қауіп төндіреді әрі спорттың дамуын тежейді, – дейді Ернат Мелсұлы.

Велошеруші сапардың алғашқы күні Ақой ауылына дейінгі 120 шақырым жолды 8 сағат 15 минутта жүріп өткен. Екінші күні Ақой ауылынан Атасу кентіне дейінгі 87 шақырымға  6 сағат жұмсаған. Бидайық ауылының тұсында жол полициясы қарсы алып, Жаңаарқа ауданының орталығына дейін шығарып салған.

Жаңаарқалықтар велошерушіні зор қошеметпен қарсы алды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button