Бас тақырып

Қарағандыда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салынады

Аймақта 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салынуы қажет. Осы мақсатта облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды мен Бұқар жырау ауданында салынатын жаңа мектептердің алаңын көріп қайтты. Жаңа оқу орынының бірі қаланың Оңтүстік-Шығысында, «Кеңдала» шағын ауданында бой көтермек. Бүгінде екі мың оқушыға арналған мектеп құрылысы басталып кеткен.

жайлы мектеп қарағанды

– Қазір өңірде мектеп құрылысы бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Облыс орталығында жаңа шағын аудандарға көп көңіл бөлінеді. Қарағанды облысында 2025 жылға дейін барлығы 21 мектеп бой көтереді. Оның 18-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынады. Екеуі апатты жағдайда тұрған мектептің орнына ашылса, біреуі «Күнгей» шағынауданында ашылады. Жаңа білім ошақтары орын тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі. Ал, жайлы мектептер жайлылықтың жоғарылауымен ерекшеленеді. Яғни, ол жерде заманауи пәндік кабинеттер, коворкингтер, зертханалар – барлығы балаларға бейімделген, – деді білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.

жайлы мектеп қарағанды

«Кеңдала шағын ауданындағы мектеп – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан ең ірі оқу орындарының бірі. Құрылыс жұмыстарын «BiGlobal» ЖШС қолға алған.

– Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары аяқталды. Нысанда барлық техникалық шарттар алынды. Аумақтан қолданыстағы су құбыры шығарылды, электрмен жабдықтау желілері тартылып, бейнебақылау орнатылды. Қазір қадалар қағылып жатыр. Қазірдің өзінде қағылуы керек 1750 қаданың 600-і тәмам. Біз мектепті 2024 жылдың желтоқсанында тапсыруды жоспарлап отырмыз. Міндет – қыста қаңқасын салу, – деді «BiGlobal» ЖШС жетекшісі Әлібек Қадырқұлов.

жайлы мектеп қарағанды

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Қарағанды қаласы мен Бұқар жырау ауданынан бөлек,  Абай, Қарқаралы, Балқаш, Приозерск және Шет, Нұра ауданында бой көтереді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button