Қарағандыда Freedom BFL жазғы маусымы аяқталды
Қарағандыда Freedom Balalar Football League (BFL) жазғы маусымының қорытындысы шығарылды. Жарысқа 7-16 жас аралығындағы 107 командадан 1 926 жас футболшы қатысты.

Маусым қорытындысы бойынша 11 жас санатында жеңімпаздар анықталып, 33 команда жүлдеге ие болды. Сонымен қатар 68 футболшы жеке номинациялар бойынша марапатталды.
Жазғы маусым чемпиондарының қатарында Scaut, «Шахтёр», Meteor, Nomad және Nurmaqov командалары бар. U-16 санатында Nurmaqov жеңімпаз атанса, команда ойыншысы Диас Асылбекұлы маусымның үздік сұрмергені атанды.

«Чемпиондық бізге оңай келген жоқ. Оның артында жаттығулар, жаттықтырушының және бүкіл команданың еңбегі тұр. Үздік сұрмерген атанғаныма қуаныштымын, бірақ командамен бірге бірінші орынға жеткеніміз одан да маңызды», — деді Диас Асылбекұлы.

Жеке марапаттар бес номинация бойынша табысталды: үздік қақпашы, қорғаушы, шабуылшы, сұрмерген және маусымның үздік ойыншысы. Марапаттарды Қарағандының «Шахтёр» клубының футболшылары табыстады.
Салтанат EA SPORTS FC 27 стилінде ұйымдастырылып, балаларға арналған жеті интерактивті аймақ жұмыс істеді. Қатысушылар арасында PlayStation 5, iPad, AirPods 4 және EA SPORTS FC 27 ойындары ойнатылды.

Freedom BFL-ді Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) Freedom қолдауымен дамытып келеді. Лига жас футболшыларға бірнеше ай бойы тұрақты түрде ресми матчтарға қатысып, тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, қысқы маусымда лигаға 159 команда мен 2 700 бала қатысқан. Енді футболшыларды Freedom BFL-дің жаңа қысқы маусымы күтеді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



