Қарағандыда екі адамнан COVID-19 инфекциясы анықталды
Бүгін Қарағанды облысында екі адамнан COVID-19 инфекциясы табылды. Олар вирус анықталған кезде карантинде болған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
“Науқастың бірі – 44 жастағы ер адам. Ол індетке шалдыққан адаммен жақын байланыста болып, стационарда жатқан. Ал, 46 жастағы әйел жұқтырушымен шартты түрде байланыста болуы мүмкін деген күдікпен үй карантиніне алынған. Екі науқастан да коронавирус анықталды. Олар індетке қарсы қауіпсіздік шараларын сақтай отырып оқшауланды. Қазір емдеу курсынан өтуде”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша аймақта 1706 адам үй карантиніне алынған. Сондай-ақ, 682 адамның денсаулығын дәрігерлер тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Олар 1А және 1Б санатындағы елдерден келген. Бұдан бөлек, 732 адам үй карантинінен шығарылды.