Бас тақырып

Қарағанды вокзалы қалай өзгереді?

Қарағанды теміржол вокзалында жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ғимарат толық жаңартылып, жолаушылар үшін жайлы да қауіпсіз жағдай жасау үшін қосымша құрылыс салынады.

Вокзал іргесінде салынып жатқан үш қабатты жаңа нысанда кассалар, күту залдары, медпункт, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған демалыс бөлмесі, ана мен бала бөлмесі, фудкорттар мен сауда дүңгіршектері орналасады.

Жөндеу жұмыстары барысында қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалмаған. Жолаушылар перронға жер үсті өткелдері арқылы кіре алады. Сонымен қатар, перрондар шатырмен жабылып, конкорсты өткел вокзал ғимаратынан екінші, үшінші, төртінші және бесінші жолға өтеді. Әрі, бұл өткендер  жылыту жүйесімен және заманауи эскалаторлармен жабдықталмақ.
Жөндеу жұмыстары аяқталған соң вокзал мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін ыңғайлы және қолжетімді болады. Ғимаратта табалдырықтар болмайды, кеңейтілген лифтілер мен арнайы қажеттіліктері бар азаматтар үшін жеке дәретханалар қарастырылған. Жер үсті өткелдерінде арнайы лифт орнатылады.
Қалыпқа келтіру бойынша ауқымды жұмыстар вокзалдың дәстүрлі сәулет стилін өзгертпейді. Оны ақшыл таспен қаптап, бағаналар мен сәндік элементтер орнатылады. Ғимараттың ішін безендіріп тұрған барельефтер қалпына келтіріліп, қайтадан орнатылады.
Қайта жөндеуден кейін вокзал тәулігіне 8000 жолаушыны қабылдай алады. Онда бір мезгілде 2300 адамға дейін орналаса алады. Күту залындағы орын саны 250-ден 670-ке дейін артады.
Қарағандыда темір жол вокзалының ғимараты 1956 жылы салынған. Оның жалпы ауданы 2 796.8 шаршы метрді құрайды. Тәулігіне вокзалға шамамен 2000 адам барады. Соңғы рет ғимарат 2008 жылы күрделі жөндеуден өткен.
Ауқымды қалыпқа келтіру жұмыстары 2018 жылдың тамыз айында басталды. Жөндеу жұмыстары 2019 жылдың желтоқсан айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Басқа материалдар

Back to top button