Ресми

«Қарағанды-Саран-Шахтинск» жолы жөнделеді

Елді мекендер мен өңір халқының әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігінен хабар алып жүрген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың халықпен кезекті кездесу жиыны Шахтинск қаласы мен Шахан кентінде өтті. Халық әкімге көкейінде жүрген әлеуметтік мәселелерді айтып, өтініш-тілектерін білдірді.

Тұрғындарды толғандырған мә­селелердің негізі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласына қатысты болды. Жағдайы сын көтермейтін жол мәселесіне жіті тоқталды. Кездесу барысында монақаланы абаттандыру мәселесі де сөз болды.

Халық қала басындағы орталық аурухана жұмысына да көңілі толмайтынын жеткізді. Дәрігерге жазылу мен кепілдендірілген дәрі-дәрмектерді алудың қиынды­ғына шағым айтып, құзыретті бас­шылыққа шешіп беруге өтініш білдірді. Осы орайда, облыс әкімі:

– Олай болмауы керек! Анық­таңыздар, ретке келтіріңіздер.Егер осылай жалғаса берсе, жеке жа­уап­кершілік шараларын қабылда­ңыздар. Мен Сіздердің барлық сұрақтарыңызды жазып алдым. Қала әкімдігімен және салалық бас­қар­малармен нақты шаралар жоспарын қабылдаймыз, – деп жауап берді.

Жұмыс сапары барысында об­лыс басшысы жылу электр орта­лықтары мен қазандықтардың жұ­мысына баса назар аударды. Мезгілдік жылу маусымының барысы жайында мәліметтер берілді. Әрі жөндеу жұмыстарының жоспары аймақ басшысының назарына ұсынылды. Биыл Шахтинск қаласында жылу жүйелерін жөндеу басталмақ. Қажетті қаржы көлемі артып, тиісінше жергілікті және облыстық бюджеттен қаражат бөлінген.

Жалпы, Шахтинск қаласын 205000 Гкал өндіретін «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС жылумен жабдықтайды.

Орталықтандырылған жылумен 286 көпқабатты тұрғын үй және 466 жеке сектор үйлері, 38 әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысандар, оның ішінде 17 білім беру нысаны, 4 медициналық мекеме, 3 мәдениет нысаны және 1 спорт нысаны қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, 17 әкімшілік нысаны да бар.

Қаладағы жекелеген учаскелердегі жылу желілерінің тозуы 63,3%-дан асады. Магистральдық желілердің ұзындығы – 19,3 км болса, орамішілік желілер – 46,02 км.

– Шахтинск жылу электр орталығы 1964 жылдан бастап жұмыс істейді. Биыл нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын. Үш қазандық агрегаты, сорғы, екі турбоагрегатор секілді негізгі жабдықтар жөнделеді. Сонымен қатар, жылу құбырларын да жөндейміз. Жалпы, жөндеу жұмысына миллиардтан астам қаржы бөлінді,– деді «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС директоры Мұрат Әлімов.

Облыс басшысы Шахан кентінде бастамашыл топпен кездесіп, ұсыныс пікірлерін тыңдады. Түйт­кілді мәселелерден хабардар болып, шағын кентті дамыту әлеуетін талқылады.

Кент тұрғындары емхананы жөн­деуге көмек беруді сұрап, медициналық мекеменің бос тұрған ғимаратын іске жаратуды ұсынды. Өз кезегінде облыс басшысы тиісті мекеме басшыларына тұрғындар айт­қан өтінішті мұқият қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар, жергілікті тұр­ғындардың басты мәселесі де биыл шешімін таппақ. Яғни, «Қарағанды-Саран-Шахтинск» бағытындағы жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Кешенді жоба үш жылға жоспарланып отыр.

Жиын соңында облыс басшысы жергілікті тұрғындарды қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

Сағыныш ӘБІЛ.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button