Қарағанды облысының мектептері жаңа оқу жылына дайын ба?
Қарағанды облысының мектептерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Төрт оқу орнында күрделі жөндеу аяқталуға жақын, 74 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізілуде.
Өңірдегі мектептер жаңа оқу жылына қалай дайындалып жатқаны жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Шынар Ақпарова айтып берді.
– Күрделі жөндеу жұмыстары Теміртау қаласының №32 орта мектебінде, Бұқар Жырау ауданының А.Байтұрсынов атындағы, Нұра ауданының Ж. Аймауытұлы атындағы мектептерінде, облыстық №2 «Білім-инновация» мамандандырылған лицейінде және өткен жылдан бастап ғимараттың апатқа ұшырауына байланысты №1 арнайы мектеп-интернатында жүргізілуде. Сондай-ақ, Осакаров ауданының № 28 орта мектебінде ғимаратты қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде, – деді Шынар Ақпарова. –Төрт мектепте жөндеу жұмыстары 31 тамызға дейін, № 1 мектеп-интернатында – осы жылдың 31 желтоқсанына дейін, ал Осакаров ауданының № 28 орта мектебінде келесі жылдың қыркүйегіне дейін аяқталады.
Жөндеу жұмыстары аяқталғанша Осакаров ауданының № 28 орта мектебінің оқушылары Молодежный кентінің Қ.Сәтбаев және Абай атындағы мектептеріне ауыстырылды. Олар үшін тасымалдау ұйымдастырылады.
№1 арнайы мектеп-интернатының оқушылары бұрынғы «Құлыншақ» балалар үйінің ғимаратында уақытша оқуды жалғастырады. Олар өткен жылы сол жерге ауыстырылды.
Сонымен қатар, Қарағандыда 400 орындық жаңа мектеп салынады. Ол 1947 жылы салынған №44-ші апаттық мектептің орнына пайдалануға беріледі. Оқушылар уақытша № 64 негізгі орта мектепке ауыстырылды.
Ауылдық оқу орындарында қазандықтарды ғимараттардан қауіпсіз қашықтыққа шығару жалғасуда.
– Облыста осындай 32 мектеп бар. Биыл Саран, Бұқар жырау және Шет аудандарының үш мектебінде спорт залдары салынуда. Департамент бұл мәселелерді бақылауда ұстайды, – деді Шынар Ақпарова.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz