Жаңалықтар

Қарағанды облысының әкімі «Қазақстан Барысы» жеңімпазы Ержан Шынкеевке пәтер кілтін табыстады

Бүгін Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Астананың жиырма жылдық мерейтой аясында қарағандылықтарды құттықтап, «Қазақстан Барысы» VIII республикалық турнирінің жеңімпазы Ержан ШЫНКЕЕВКЕ пәтер кілтін табыс етті.

Аймақ басшысы қарағандылық балуан Ержан Шынкеевттің қазақ күресі турниріндегі жеңісі Астана күнімен қатар келген қуанышты сәт екендігін жеткізді.

Сонымен қатар, балуанның ұлттық спорт түрі «Қазақ күресін» дамытуға қосып жатқан салмақты үлесін атап өтіп, алдағы уақытта да спорттық табыстарға жетуіне тілектестік білдірді. «Қазақстан Барысы» додасының жеңімпазының бапкері Диқанбай Биткөзовтің иығына оюлы шапан жауып, ақшалай сыйлық табыстады.

Еске сала кетсек, қарағандылық балуан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі – қазақ күресінен өткен «Қазақстан барысы» турнирінде тұңғыш рет еліміздің ең үздік балуаны атағын жеңіп алған болатын.

«Барыс Арена» мұз сарайында өткен дәстүрлі бәсекеге еліміздің 14 облысы, Алматы және Астана қалаларынан және әскерилер арасында іріктеуден өткен 37 (екі балуан жақында Шымкент қаласынан қосылып отыр) үздік балуан қатысты. Жартылай финалдағы Айбек Нұғымаров пен Ержан Шынкеев арасындағы белдесу тартысты өрбіді. Белдесудің соңында Ержан ұтылып тұрып, шығысқазақстандық балуаннан әдісімен айласын асырып кетті.

Финалдық белдесуді Ержан Шынкеев өте ширақ бастап, бірден әдіс жасауға көшті. Бүк ұпайын алып, оны жамбас ұпайына айналдыра білді. Ал, Ерасыл жарақатына байланысты сылбыр күресті. Жиі ескерту алды. Тәжірибесі толысқан Ержан шеберлігін танытып, алғаш рет «Қазақстан барысы» атанды. Ержан Шынкеев осыған дейін «Қазақстан Барысына» бес рет қатысып, күміс белбеуді жеңіп алған болатын. Осылайша, Ержан Шынкеевке алтын белбеу мен алтыннан құйылған «тайтұяқ» және 25 млн. теңге табысталды. Ал, бапкері 3,5 млн. теңгеге иелік етті.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button