Бас тақырыпРесми

Қарағанды облысында жедел әрекет ету орталығы ашылды

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасы бойынша аймақта жедел әрекет ету орталығы (ЖӘЕО) ашылды. Мұнда төтенше жағдай және карантин кезіндегі өңірдегі жағдай туралы барлық ақпарат топтасады.  Сондай-ақ, қажетті шешімдер қабылданады. 

«ЖӘЕО-ға біз барлық жұмылдырылған құрылымдар мен қызметтер мамандарын: полицияны, СЭҚ, әскери, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық басқармалар мен департаменттерді жұмылдырдық. ЖӘЕО-на облыста не болып жатқаны туралы барлық ақпарат келіп түседі. Жұмыс тәртібі – 24/7. Бұл ақпарат одан әрі іс-қимыл бойынша ұсыныстарды талдау және әзірлеу үшін өте маңызды. Сондай-ақ, барлық қызметтердің қатысуы арқылы туындаған мәселелерді шешу жылдамдығы артады», – деді облыс әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров Facebook-тегі парақшасында.

Орталықтың жұмысы санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік және дезинфекция, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тіршілікті қамтамасыз ету (ТКШ, энергетика), блок бекеттерінің жұмысын үйлестіру және т. б бағыттар бойынша жүзеге асады. Жедел әрекет ету орталығының қолдау желісі ретінде “Senim 109″ қызметі аталды.  Тұрғындар осы желіге өздерінің барлық мәселелерімен жүгіне алады.

«Барлығымыз бірге бірқатар шектеулер жағдайында облыстың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге тырысамыз. Басты міндет – коронавирустың кең таралуына жол бермеу және облыс экономикасына, тұрғындардың әл-ауқатына теріс әсерін азайту», – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Карантиндік аймақтағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін тұрғындардың тізімі жасалды. Оған Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск және Абай қалаларының әкімдіктері көмек көрсетті. Бүгіннен бастап, адамдар жұмысқа бақылау бекеттері арқылы өтеді.
 

Басқа материалдар

Back to top button