Қарағанды облысында үздік білім беру қызметкерлері марапатталды
Қарағанды облысының жиырма тоғыз педагогы өз жұмысында танытқан кәсіби шеберлігі мен шығармашылығы үшін марапаттарға ие болды. № 2 Оқушылар сарайында мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Марапатталғандардың арасында мектепке дейінгі ұйымдардың, мектептердің, колледждердің қазіргі педагогтары, сондай-ақ еңбек ардагерлері бар. Қарағанды облысының басшысы Ермағанбет Бөлекпаев олардың ел болашағын қалыптастырудағы ерекше еңбегін атап өтті.
– Мұғалім мамандығы әрқашан ең құрметті мамандықтардың бірі болып қала береді. Еліміздің болашағын қалыптастырудағы сіздердің рөлдеріңіз баға жетпес маңызға ие. Мамандыққа адалдықтарыңыз үшін рахмет! Біздің ардагерлерімізге, мектеп өміріне белсенді қатысуды жалғастырып, өзінің ерекше тәжірибесін жастарға жеткізетіндерге ерекше алғыс білдіремін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Біздің елімізде педагогтардың мәртебесін көтеру үшін көп жұмыс атқарылуда, деп атап өтті облыс әкімі. Бұл бағыттағы негізгі қадам – соңғы төрт жыл ішінде жалақыны 100% көтеру, санаттар үшін қосымша ақы төлеу, сондай-ақ тәрбиеленушілері жоғары нәтижелерге қол жеткізген ауыл мұғалімдерін, тәлімгерлерін қолдау.
Бес педагог «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогы» төсбелгісіне және облыс әкімінің 1 миллион 380 мың теңге көлеміндегі сыйлығына ие болды.
Марапатталғандардың бірі – Ақтоғай ауданының «мектеп-балабақша» кешені базасындағы тірек мектебінің (Ресурстық орталық) директоры Айман Түкбаева. Ол Черкасс мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі, 45 жылдан астам еңбек өтілі бар.
– Мектепте оқып жүргенімде мен орыс тілі мұғалімі болып, ауыл мектебінде жұмыс істеуді шештім. Жылдар бойы Шашубай ауылында еңбек етемін. 1992 жылдан бастап тірек мектебін басқарамын, – дейді Айман Түкбаева. – Бұл Қазақстандағы алғашқы инновациялық тірек мектебі. Біздің мұғалімдер 10 жыл бойы білім туралы заңда “тірек мектебі”, “ресурстық орталық”, “ауылдық шағын жинақты мектеп” ұғымдары пайда болуы үшін үлкен жұмыс жүргізді. Қазір біздің тәжірибеміз бүкіл ел бойынша таратылуда. Біздің мектеп тәжірибелік республикалық алаң болып табылады, онда тағылымдамаға барлық өңірлерден педагогтер келеді. Біздің тағы бір көрсеткішіміз – биыл түлектердің 66% грантқа түсті, оның екеуі Түркияның жоғары оқу орындарына түсті. Менің марапатым – бүкіл ұжымның жұмысының нәтижесі,-деді ол.
Абай Құнанбаев атындағы Саран Жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің педагогика оқытушысы Надежда Шаповалова “Еңбек ардагері” төсбелгісіне ие болды. Зерттеуші мұғалім 25 жыл директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болды, еңбегі үшін көптеген марапаттарға ие болды.
– Мен 15 жасымда өзім үшін мамандық таңдадым, біздің педагогикалық училищеге түстім. Таңдауым үшін ешқашан өкінген емеспін. Маған балалармен жұмыс істеген ұнайды, – дейді Надежда Шаповалова. – Мен студенттерге арналған педагогика бойынша “көркем фильмдерден педагогикалық жағдайлар мен міндеттер” электронды оқу құралының авторымын. Болашақ мұғалімдер оқушылармен туындауы мүмкін әртүрлі жағдайларды талдай алады. Мұғалімдер туралы көптеген фильмдер бар. Мен олардан жиынтық жасадым және әртүрлі эпизодтар негізінде оқушыларды қиын жағдайлардан шығуға, қателіктерді талдауға үйретемін.
Қарағанды облысында “Еңбек ардагері” төсбелгісімен тоғыз педагог марапатталды. Білім беру жүйесінің тағы 15 қызметкері Құрмет грамоталарын алды.
«Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогы» төсбелгісіне ие болғандар:
– Есжан Әміров – Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің директоры;
– Айман Түкбаева – Ақтоғай ауданының білім бөлімінің мектеп-балабақша кешені базасындағы тірек мектебінің (Ресурстық орталық) директоры;
– Гүлнар Омарова – Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының «Шолпан» үлгілі хореографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі;
– Бақытжан Күрпешова – Абай ауданының білім бөлімінің басшысы;
– Ғазиза Смағұлова – «Өрлеу» Қарағанды облысы бойынша кәсіптік даму институтының білім берудің қоғамдық-гуманитарлық мазмұны кафедрасының аға оқытушысы.
«Еңбек ардагері» төсбелгісін алғандар:
– Күләй Мұстафина – Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің «Фортепиано» сыныбының оқытушысы;
– Алмагүл Ақжолтаева – Қарқаралы ауданының білім бөлімінің Тегісшілдік ауылындағы № 6 жалпы білім беретін мектептің химия мұғалімі;
– Алма Хамитова – Саран қаласы білім бөлімінің № 2 жалпы білім беретін мектебінің директоры;
– Тынышбала Ахметжанова – зейнеткер, білім беру саласының еңбек ардагері;
– Сабира Омарова – академик А. Сағынов атындағы мектеп-колледжінің жалпы білім беру пәндерінің оқытушысы;
– Наталья Рудневская – Абай Құнанбаев атындағы Саран Жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы;
– Надежда Шаповалова – Абай Құнанбаев атындағы Саран Жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы;
– Қаратай Шәріпов – Абай ауданының білім бөлімінің Абай Құнанбаев атындағы № 5 мектеп-гимназиясының физика мұғалімі, білім беру саласының еңбек ардагері;
– Байбала Ахметова – Қарағанды білім бөлімінің Жақып Ақбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz
Суреттерді түсірген: Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ