Қарағанды облысында «Ұлы дала мұрасы» атты халықаралық турнир өтуде

Шет ауданында Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы дала мұрасы» атты халықаралық турнир өтуде. Екі күнге жоспарланған салбуырын қазақ халқының дәстүрін дәріптеп, ата-бабадан қалған мол мұралардың бірі – аңшылық, саятшылықты кең көлемде насихаттауды көздейді. Яғни, турнирде қазақстандық құсбегілермен қатар, Моңғолия және Қырғызстан елдерінен келген саятшылар бақ сынасуда. Турнирдің ұйымдастыру деңгейі мен шараның егжей-тегжейін белгілі бүркітші, спорт ардагері Тілеуқабыл Есембекұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында баян етті.

Ұйымдастырушылар байрақты бәсекені өткізуге Ақсу-Аюлы кентіне жақын орналасқан Қаратөбе шоқысын таңдапты.
Спикердің айтуынша, Сәкен Сейфуллиннің құрметіне арналған бүркітшілер турнирі – бұл ұлы қайраткерге құрмет қана емес. Жазушының әкесі де саятшылық өнерді ұстағанын жеткізеді.
– Сәкен Сейфуллинге арналған алғашқы турнирді 1993 жылы өткіздік. Қазақстанда бүркітшілердің халықаралық турнирлері тоқсаныншы жылдардан бері өткізіліп келеді. Мәселен, Абайдың 150 жылдығына арналған сайысқа Германия, Аустрия және Чехиядан қонақтар келді. Осыдан кейін бізді Аустрияға шақырды. Басты мақсат – ұлттық мұрамызды көрсету, құсбегілікпен қатар, қазақтың тазыларымен аң аулауды насихаттау. Жарысқа атақты бүркітшілер де, кейіннен айналысып келе жатқан спортшылар да қатысады, – деді спикер Тілеуқабыл Есембекұлы.

Бұл турнирдің тағы бір ерекшелігі – тазылар жарысы. Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Алматы облыстарынан жиналған 30 қатысушы өз иттерінің бабын сынамақ.

Жарыс жеңімпаздарына қаржылай жүлделер тапсырылады.
Турнирді өткізуге ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, облыс әкімдігі, «Қансонар» РҚБ және Шет ауданының әкімдігі ұйытқы болып отыр.

Мұрамызды дәріптеген «Ұлы дала мұрасы» халықаралық турнирінен жазылған есепті толығырақ газеттің алдағы сандарынан оқи аласыздар…

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Ortalyq Qazaqstan»