АймақБас тақырып

Қарағанды облысында биыл 346 жалдамалы пәтер беріледі

Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев өңір тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Кездесуде көтерілген мәселелер де әр түрлі. Қарағандылықтыр министрге ауыз су, кәріз жүйесінен бастап, тұрғын үй, кадр мәселесі, облыстағы индустриялық аймақтарды дамыту мәселелеріне қатысты сұрақтарын қойды.

Тұрғын үй мәселесіне қатысты «Талбесік» көпбалалы аналар одағы» қоғамдық берлестігінің жетекшісі Ләззат Қожахметова сұрақ қойды. Ол министрліктің өткен жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы ережесін өзгертіп жібергеніне наразы.

– «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша былтыр жылдың ортасында министрлік ережені өзгертті. Бұған дейін бірінші және екінші деңгейдегі тұрғын үйге беріліп келген ипотека ереже өзгергеннен соң тек әкімдік салған әлеуметтік тұрғын үйге ғана берілетін болды. Қарағанды облысында 2020 жылдан әлеуметтік тұрғын үй салынған жоқ. Былтыр «Отбасы банкте» осы бағдарламамен кезекке тұрған 175 адам үйді әлі тосып отыр. Үй салынып біткенше 2-3 жыл күтеді. Неге сіздер жылдың ортасында халықпен ақылдаспай, әкімдіктерден өңірлерде үйдің бар немесе жоқтығы туралы сұрамастан, банкпен ақылдаспастан ережені өзгертесіздер? Егер жаңадан салынбаса, неге екінші деңгейлі нарықтағы үйлерді беруге рұқсат етпеске?! Біз 175 адамға не жауап береміз? – дейді Ләззат Таймырқызы.

Марат Кәрімжанұлы Ләззат Қожахметованың «ереже ешкіммен келіспей өзгерді» дегені шындыққа жанаспайтынын айтады. Министр кез-келген бағдарлама нормативтік-құқықтық актімен бекітілетінін, ал, нормативтік акт әкімдіктермен және мемлекеттік органдармен келісілетінін жеткізді.

– Нормативтік-құқықтық акт міндетті түрде интернетте жарияланады және сол жерде он күн тұрады. Халық оған өз пікірін білдіреді. Міндетті түрде келісілген құжат қана қабылданады, – дейді Марат Қарабаев.

Сондай-ақ, министр әкімдік бұдан былай әлеуметтік тұрғын үй салмайтынын да жеткізді. Бұл үйдің сапасына байланысты болып отыр.

– Әкімдіктер салған үйдің бәрі сапасыз. Сондықтан, біз пәтерлерді нарықтан сатып алатын болдық. Бұл – тұрғындар үшін жақсы. Екіншіден, республикадан бір пәтер үшін бөлінетін 9 млн. 600 мың теңгені 14 млн.-ға дейін көтердік. Үшіншіден, алдағы уақытта тұрғындарды сапалы үймен қамтамасыз ету үшін кез-келген бағдарлама бойынша нарықтан ғана алатын қыламыз. Тек, бірқатар өңірлерге екінші дәрежедегі үйлерден алуға рұқсат бердік, – дейді аталған министрліктің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Темір Қарағойшин.

Темір Жиенбайұлының айтуынша, бұл өте қолайлы. Себебі, тұрғындар әкімдік салатын үйді 3-4 жыл күтпейді. Мәселен, былтыр Қарағанды облысында 102 жалдамалы пәтер берілсе, биыл 346 пәтер беріледі.
«Біз жалға берілетін 346 пәтерді «Отбасы банк» арқылы сатып әперуге уәдемізді береміз» деді Темір Қарағойшин.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button