Басты тақырыпОблыс әкімі

Қарағанды дамуында қарқын бар

Кеше аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек облыстық Қоғамдық кеңес отырысында 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Сонымен қатар, биылғы жылғы жоспармен бөлісті. Атап айтқанда, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, баспанамен қамту, автокөлік жолдарының және қоғамдық көліктердің сапасын арттыру. Толығырақ тарқатсақ…

Суретті түсірген автор

Шаруалар алдындағы қарыз төленді

Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді субсидиялау мәселесі толық шешілді. Соңғы екі жарым жылда Үкіметтің шаруалар алдындағы берешегі 7 млрд. теңгеден асып кеткен болатын. Аймақ басшысының айтуынша, 2019 жылдың желтоқсанында қажетті қаражат бөлініп, шаруаларға табысталған. – Бүгінде облыс халқының бестен бір бөлігі ауылда тұрады. Біздің басты міндетіміз – ауыл тұрғындарына сапалы өмір сүру жағдайын жасау. Алдағы екі жылда ауылдардың 90%-ы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіледі. Былтырдан бастап Жаңаарқа, Нұра және Ұлытау аудандарының орталықтарында Елбасымыздың бастамасымен қабылданған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру басталды. Алдағы бұл бағдарлама басқа өңірлерді де қамтиды, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Қоғамдық көліктер жаңарады

Тұрғындар тарапынан қоғамдық көліктердің сапасына қатысты сын жиі айтылатыны жасырын емес. Десек те, алдағы уақытта бұл мәселе толық шешімін табуы мүмкін. Мәселен, 2019 жылы жолаушы тасымалдаушылар 105 жаңа автобус сатып алған. Ал, биыл тағы 200 автобус алу жоспарлануда.
– Былтыр Қарағанды қаласындағы автобустардың бір бөлігі жаңартылды. Бірақ, олар байқала қоймайды. Өйткені, күнделікті жолға шығатын автобустардың саны көп. Әрі, автопарк басшылары жолаушылардың нақты санын көрсетпей отыр. Алдағы уақытта оларды ашық жұмыс істеуге шақыру қажет. Биыл Қарағанды қаласы бойынша 10 автобусты жаңарту жоспарлануда. Ал, келесі жылы қаладағы барлық автобустар жаңаруы керек. Жолаушы тасымалдаушы қоғамдық көліктердің жасы 2-3 жылдан аспауы тиіс, – деген аймақ басшысы автобустарды жаңарту жұмыстары Теміртау қаласында да жүргізілетінін айтты. Жоспар бойынша, биыл құрыш қаладағы автопарк иелері 95 жаңа автобус сатып алулары тиіс.

Баспана құрылысы қарқын алады

Былтыр аймағымызда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 576 жалдамалы және 306 несиелік пәтер салынған екен. Сонымен қатар, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мақсатында қазынадан 1,8 млрд.теңге бөлінген. Бұл 266 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Десек те, көпбалалы отбасыларға баспана сертификатын беруде бірқатар қиындықтар да кездескен. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Қоғамдық кеңес мүшесі Ләззат Қожахметованың сауалына берген жауабында айтты.
– Бюджеттен 1 пәтерге 10 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Заң бойынша баспана жаңадан тұрғызылған үйден алынуы керек. Бірақ, қаламызда үйдің бағасы қымбат болғандықтан, мұндай қаражатқа баспана табуда қиындықтар кездесті. Сондықтан да, пәтерді екінші нарықтан алуға рұқсат сұрадық. Былтыр жыл соңында тиісті заң нормасы қабылданды, – деді облыс әкімі.
Биыл аймақта тұрғын үй құрылысы қарқын алады. Әсіресе, Қарағанды қаласында 400 мың шаршы метр шамасында баспана тұрғызылмақ. Қазір коммерциялық және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін 750 көпбалалы отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.

Тасқынға тастүйін дайындық керек

Қалың қар облыс аумағындағы көлік қозғалысына айтарлықтай қиындық келтірген болатын. Десек те, оның қаупі әлі сейілген жоқ. Алда көктем келе жатыр. Қардың қалың болуы тасқын қаупін төндірді. Осыған орай, Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан аймақтағы тасқынға дайындық шаралары қалай жүріп жатқаны туралы сауал қойылған еді. Аймақ басшысының мәлімдеуінше, тасқын судың алдын алуға байланысты республикалық және облыстық бағдарламалар бар. Осы бағдарламалардың аясында, аймақта қорғаныс бөгеттері салынған. Қазір олардың техникалық жағдайы тиісті органдардың бақылауында. Сонымен қатар, су қоймаларынан ағын суларды жіберу, мұз жару және дайындық жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button