Қарағанды – болашақтың қаласы
Аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ Қарағанды шаһарын көркейту, дамыту және абаттандыру жұмыстарын жіті назарға алуда. Кеше Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен өткен кездесуде де осы мәселелер толыққанды пысықталды. Жаңалығы сол, облыс орталығында келер жылы 1250 орындық киноконцерт залының құрылысы басталмақ. Және жолдар мен аулаларды жөндеу қарқыны артады…
Бұл – облыс әкімінің қарағандылық халық қалаулыларымен, қоғам белсенділерімен алғашқы кездесуі. Жиынды ашқан Ерлан Жақанұлы қатысушыларды ашық әңгімеге шақырды. Содан болар, кездесу етіміз үйренген ресми қалыптан бөлек, емен-жарқын диалог алаңына айналды. Депутаттар көкейінде жүрген сауалдарын ортаға салып, әкімнің назарына ұсынды.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қоғамдық кеңестер ролін арттыру туралы тапсырма қойды. Президент бастамасымен өңірлерде кеңестер құрылды. Бір жыл ішінде бұл кеңестер қоғамға қажеттілігін көрсетіп, беделді институттардың біріне айналды. Сондықтан, сіздердің пікірлеріңіз, ұсыныстарыңыз, сындарыңыз маңызды деп есептеймін. Бүгін Қарағанды қаласының проблемалары мен келешек даму перспективалары туралы әңгімелесу үшін сіздермен арнайы кездесіп отырмын, – деді аймақ басшысы кіріспе сөзінде.
Кездесуде алдымен шахтерлер шаһарындағы жол сапасы қаралды.
– Мен қалаішілік жолдардың ахуалын зерделеу мақсатында қоғамдық көліктерге мініп, қаланы аралап шықтым. Байқағанымдай, қала шетіндегі жолдардың жағдайы сын көтермейді. Бұрын бюджеттік тапшылықтарға байланысты бұл жолдар жөнделмей келген шығар. Қазір қаражат табылды. Жолдарды жөндеу жұмыстары қолға алынады. Сонымен қатар, олардың сапасы ерекше қадағалауда болады. Осы тұста сіздердің көмектеріңіз ауадай қажет, – деді аймақ басшысы қатысушыларға қарата айтқан сөзінде. Биыл облыс орталығы бойынша жүзден астам жол жөнделеді. Ауқымды жұмыстардың сапасын анықтауға жауапты органдармен қатар, кеңес те жұмылдырылады. Бұл орайда, кеңес мүшесі Николай Абт қадағалау жүргізудегі қиындықтар туралы сөз өрбітті.
– Кеңестің міндеті – бақылау жасап, кемшіліктер орын алып жатса, тиісті мекемелерге хабар беру. Алайда, кейбір түйткілдер кедергі тудыруда. Қарағандыда асфальт құрамын тексеретін мамандандырылған зертхана жоқ. Біз асфальт бөлшегін Алматыға жіберіп, оның қорытындысын күтіп жүргенде бекітілген кестенің тығыздығына байланысты жол жабыны төселіп қояды. Білуімше, зертхана 50 млн. теңге шамасында тұрады. Осы мәселе бізді қатты толғандыруда, – деді Николай Абт.
– Бүгінде Қарағандыға «Қазавтожол» компаниясының жылжымалы зертханасы келуі тиіс. Зерттеу шараларын сол арқылы жүргізуге болады. Ал, зертхана тұрғызу жұмыстарын қарастырамыз, – деді өз жауабында әкім.
Аулалар мәселесі. 2015 жылға дейін «Менің қалам» бағдарламасы аясында жылына бір ауданда оншақты аула жабдықталып келді. Биыл да Қарағанды қаласында 10 аула жөнделеді. Дегенмен, облыс әкімінің айтуынша, бұл өте аз көрсеткіш. Сондықтан, келесі жылдан бастап «100 аула» жобасы бастау алады. Яғни, жыл сайын 100 аула жөндеуден өтеді.
Қарағандыда 756 аула бар. Оның 386-сы тиісті деңгейде көркейтілмеген.
– Биылға Қарағанды бойынша он аула ғана кестеге енгізіліпті. Олардың барлығының құны қымбат. Кері қайтарып алуға кеш болды. Дегенмен, келешекте асфальтталған, жарықтандырылған, орындықтар орнатылған, бастысы – көпшілік үшін қолайлы аулалар құрылысын жоспарлаудамыз, – деді Ерлан Жақанұлы.
Яғни, жоба жүзеге асып кетсе, бас-аяғы үш-төрт жыл мұғдарында қаладағы барлық аулалар жабдықталмақ.
Қарағандыда не көп – көлік көп. Аулаларда «темір тұлпарлар» иін тіресіп тұрады. Кейде «жедел жәрдем», өрт сөндіру техникасы өте алмай, шақыртуға кешігіп жүретіні жасырын емес. Жаңа аулаларды жобалау кезінде бұл олқылықтар қаперге алынады. Көлік тұрақтарын көбейту, ретімен орналастыру ойластырылуда.
Қоғамдық кеңес мүшесі Нәйлә Қайырбекова жергілікті құрам тақырыбында сөз қозғады.
– Мен тұратын үйдің ауласында абаттандыру жұмыстары атқарылуда. Барлық тұрғындар ерекше қуаныштымыз. Қалалық әкімдікке алғысымыз шексіз. Алайда, бұл тұста тағы бір мәселенің құлағы қылтияды. Ауладағы түгел ағашты қырқып тастады. Жарайды, көндік. Тендерді Саңыраулар қоғамы ұтып алған. Бірақ, ол жерден бірде-бір саңырау адамды көрмедім. Мені алаңдататыны – жұмысшылардың дені өзбекстандық азаматтар. Қазақтар демей-ақ қояйын, қазақстандықтар мүлде жоқ. Жергілікті жұмыс күшін алмастырған. Олармен жиі сөйлесіп жүремін. Бригадирінің мамандығы – мұнайшы. Бірақ, ол «құрылыс шаруасын жақсы білемін» дейді. Жұмыскерлері – жалдамалы, техникасы – жалдамалы. Бұл қоғам тендерді қалай жеңіп алған?! Жергілікті құрам қайда?! Сол жағын түсінбеймін, – деді кеңес мүшесі.
Облыс әкімі тендер жүргізудегі талаптарға тоқталды.
– Тендер конкурсында ең төмен баға ұсынған ұйым жеңіске жетеді. Сіз айтып отырған қоғам осы шарттарға сай ұтуы мүмкін. Мұны тексеруді жауапты тұлғаларға тапсырамын. Ал, кесілген ағаштарға келер болсақ, кез келген мекеме абаттандыру жұмыстары кезінде кесілген жасыл желектің орнына жас шыбықтар отырғызуға міндетті, – деді Ерлан Жақанұлы.
Қарағандының орталығы Оңтүстік-Шығысқа ойысуда. Мұнда «Панель-центр» шағын ауданының құрылысы қарқын алып келеді. Болашақта тұрғызылатын ғимараттар жетерлік. Солардың бірі – 1250 орынға арналған киноконцерт залы.
Үстіміздегі жылы жобаның жобалық-сметалық құжаттары аяқталады. Келесі жылы ғимараттың қадасы қағылмақ.
– Елбасы тапсырмаларының бірі – Қарағандыны гүлдендіру. Мен бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түспекпін. Киноконцерт залы жаңа аудандағы маңызды нысандардың бірі болмақ, – деді аймақ басшысы.
Қатысушылар әкімнің бастамасын қолдайтындықтарын танытты. Мәселен, депутат Сергей Водько қарағандылықтар үшін сыйымдылығы жоғары мәдени ғимараттың ауадай қажеттілігін айтты.
– Қазір Оңтүстік-Шығыс – спорттық орталыққа айналды. «Қарағанды – Арена», теннис орталығы, бокс орталығы тұрғызылды. Енді, ол жерге мәдени орталық та керек. Киноконцерт залы қала тұрғындарының көңілінен шығады деп ойлаймын, – деді депутат.
Қала әкімдігі зал құрылысы үшін Волочаевск – Бөкетов көшелерінің қиылысын ұсынып отыр. Дегенмен, мекен-жай мәселесі әлі де кеңесте қаралатын болады.
Сондай-ақ, қала әкімі Нұрлан Әубәкіров «Достық үйі» маңында Балалар мен жасөспірімдер сарайы тұрғызылатынын мәлімдеді. Бұл да алдағы күндердің еншісіндегі іс.
Кездесу соңында Ерлан Жақанұлы қарағандылық белсенділерді бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Депутаттардың, қоғам мүшелерінің әр пікірі есепке алынатынын жеткізді.
Нұрқанат ҚАНАФИН
Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.