Білім

Аймақтың білім ошақтарында «Жігіттер күні» атап өтілді

19 қазан – Жігіттер күніне орай Қарағанды облысының мектептерінде көрмелер, шеберлік сабақтары, сынып сағаттары мен викториналар ұйымдастырылды. Бұл күн Ұлы Отан соғысының батыры Рақымжан Қошқарбайдың туған күніне орайластырылған.

Осыған орай Әлихан Бөкейхан және Бауыржан Момышұлы атындағы мектептер бірлесіп, диалог алаңын ұйымдастырды. Бұл шараға «Қаһарман» мектеп клубы, «Jas media» орталығы және «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық сыныптары белсенді қатысты.

Диалог алаңында «Қолөнер – сырлы өнер» қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылып, «Қаһарман» клубының шығармашылық зертханасының қатысушылары «Әскери топография» пәні аясында рельефтік карта жасау тәсілдерін меңгерді.

Сондай-ақ мектеп оқытушылары оқушыларға қамшы мен ертоқым жасау бойынша шеберлік сабағын өткізіп, ағаштан ас үй бұйымдарының жасалу жолдарын түсіндірді. Танымдық алаңдардың бірінде балалар «Ханталапай» мен «Тоғызқұмалақ» ұлттық ойындары мен атыс кезіндегі қауіпсіздік ережелері туралы біле алды.

Ал «Ашық микрофон» іс-шарасына түрлі мамандықтардың өкілдері келді. Қонақтар оқушылармен сөйлесіп, еңбек жолын таңдаудың қыр – сыры туралы айтып, олардың барлық сұрақтарына жауап берді. 

– Маған бұл іс-шара өте ұнады. Мен халқымыздың ұлттық ойындары мен қолданбалы өнері туралы көп білдім. Бізде: «Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» – деген сөз бар. Расымен де, жігіт ақылды, дарынды және еңбекқор болуы керек, – дейді «Жасұлан» клубының мүшесі, Әлихан Бөкейхан атындағы мектептің оқушысы Болат Жасұлан.

– Біз келген қонақтарға Отан қорғаушы жігіттердің қалай тәрбиеленгендерін жеткізе алдық деп ойлаймын. Жастарды тәрбиелеу бұл ғасырлар тереңінен бастау алып, ұлттық мәдениетпен тығыз байланысты өтетін үдеріс. Бұл тәрбие ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Қазақ қоғамында әруақытта туған жерін қорғауға дайын тұратын рухы мықты жігіттерді тәрбиелеу өте маңызды болған, – дейді «Жас медиа» орталығының жетекшісі, Әлихан Бөкейхан атындағы мектептің оқушысы Тәжікбай Айбын.

Сонымен қатар мектепте концерттік бағдарлама да әзірленді. Оқытушылар қауымы болса, осындай іс-шараларды өткізудің әдістері мен нысандарын талқылап, тәжірибелерімен бөлісті.

Биылғы 2023 жылы «19 қазан – Жігіттер күні» Облыстық Білім басқармасының «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» іске асыру жөніндегі кешенді жоспарына» енгізілді. Ал келесі жылы бұл атаулы күн барлық облыстық мектептерде аталып өтіледі деп жоспарлануда.

Айта кету керек, 19 қазан – Жігіттер күні Қарағанды облысында 2019 жылдан бастап «Qazaq club» бастамасымен «Қазақ күнтізбесі» жобасы аясында аталып өтіп келеді.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button