Қарқаралыда Мұстақым Малдыбаевтың зиратының басына ескерткіш қойылды
Қарқаралы ауданында 31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ақын, ағартушы ұстаз, өткен ғасыр басындағы ұлт-азаттық күрестің ірі өкілі Мұстақым Малдыбаевтың зиратының басына ескерткіш қойылды. Аталған шараға ұлт руханиятының жанашырлары, журналистер, қоғам белсенділері мен жас ғалымдармен қатар ҚР Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегманов, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Арасанбай Естенов арнайы қатысты.
Жиылған қауым Алаштың азаттықтың жолында арпалысып, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған абзал азаматтың жалынды өмірі мен шығармашылық мұрасы жайлы сөз қозғады.
Ескерткіштің ашылу рәсімінен кейін Қарқаралы қаласында «Алаш арыстары» ескерткішінің басында жиналып, қуғын-сүргіннің зардабын тартқан жандардың рухына тағзым етті. Сонымен қатар, Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінде өткен «Қарқаралы – Алаштың алтын бесігі» атты дөңгелек үстелде бас қосты.
Материалдың толық нұсқасын газеттің аллағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz