Руханият

Арқаның арда азаматы

Қуаныш – біздің замандас, қанаттас, мұраттас. Ел оны еркелетіп, «Сары Тентек» деп атайды. Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Республикалық ақындар айтыстарында, «Жігер» фестиваліне қатысып, жарқылдап қалың елге танылды. Университеттердің бүкілодақтық фестивалі деген болатын. Солардың қақ ортасында Қуаныш Мақсұтовтың есімі жарқырап көрінді.

Өмір жолымыз көп түйісіп, күнде араласып-құраласып жүрмесек те, Қуаныштың қоғамдық қайраткерлігінен хабардармын. Кезінде «Қазақ тілі» қоғамында жақсы жұмыс істеген кездері болды. Бір нәрсеге кіріссе, түбін түсіретін азамат. Елге сыйлы, орақ тілді, от ауызды ақын деген айтыс ақындары ішінде ерекше атағы бар.

Қуаныштың жүрген жолы, істеген ісі, елге тигізіп жатқан пайдасы қоғамдық қызметімен де бағаланады, өлшенеді. Қуаныштың Тәттімбеттің 200 жылдығында белсенділік танытуының өзі Арқа даласындағы керемет бір дәстүрдің, ұрпақ сабақтастығының жарқын мысалы бола алады. Күй өнері тарихында орны бар Тәттімбет Қазанғапұлын ардақтауда Қуаныш ақын көп жұмыс атқарды.

Тарихқа, кешегі өткенімізді жаңа ұрпақтың санасына сіңіруге жасаған жұмыстары баршылық. Соның бірі қай жылдары қазақтың қару-жарақ өнерін де ардақтауға үлес қосты. Керемет жиындар өткізіп, ел зердесінде ұмытыла бастаған «Ер қаруы – бес қару» деген қазақтың үлкен тарихын қайтадан жандандырып, тірілтіп, оралтқаны ойға түседі. Ақселеу Сейдімбек қазақтың күй тарихын жазғанда Сайдалы Сары Тоқа, Тәттімбет, Аққыз Арқадағы керемет күйшілердің баянын тарих етіп жазып қалдырды ғой. Ақселеу ағаның шығармашылығын насихаттауға, 80 жылдық мерейтойында «Тұғыры биік дара тұлға» деген көрмені ұйымдастыруға да атсалысты.

Ақселеу Сейдімбек зерттеулерінің ерекшеліктері, маңызы жөнінде де аталы сөздер айтып, Алаштың Ақселеуінен қалған жәдігерлерді қалың жұртқа жеткізген жақсы бір амалдары да бар. Туған жеріне тағзым етіп тұрады. Теледидардан көргем, сыныптастарымен саябақ ашыпты. Соның барлығы да – Қуаныштай Арқаның арда азаматының тынбай ізденісінің бір нәтижесі.

Оның өлеңінде, жырында қуат бар. Абайдың жас ұлғайғанда жазған ойлы өлеңдері секілді, Сары Тентектің де қаламынан туындаған жақсы жырларды да оқып тұрамын. Қашанда ізденісте жүреді. Сөз орайы келгенде айтайын, Қуаныш – елдің азаматы. Орталықтың емес, жалпақ Қазақстанның азаматы. Өзіндік үні бар, сөзі бар, мінезі бар, қазақы қалпы бар, еркелігі де бар. Бәрі жарасымды. Құтты болсын айтамын!

Нұртөре ЖҮСІП,

Парламент Сенатының депутаты.

Оrtalyq.kz     

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button