Бас тақырып

Апақ тапқан қара алтын

1833 жылы Апақ Байжанов тауып, кейін қу даладан Қарағандыдай қаланың бой көтеруіне ықпал еткен қара көмірге әр қазақтың алғысы да, қарғысы да бар. Алғысы дейтініміз – Апақ тапқан «жанатын тастың» арқасында тақыр жерде қала салынды, шахта өндірісі қолға алынды. Қарағанды көмірі – еліміздің басты байлығына айналды. Өткенге көз жүгіртсек, бүкіл КСРО-ны қалтыратпай жылытқан да, өнеркәсібінің тұраламай, үздіксіз жұмыс жасауына ықпал еткен де осы қара көмір. Көмір өнеркәсібі бертінде Қазақстан өндірісінің қара нарына айналып, облыстың ғана емес, республика экономикасының бір негізіне айналды. Ал, қарғысы дейтініміз – кен орындары кезінде көпес Никон Ушаковқа 250 сомға сатылып кеткелі шахталарда ауыр жағдайда жұмыс істеген қара қазақтың талайының сүйегі жер астында қалды, әлі де қалып келеді…

«…Игіліктің қойын бағып жүріп, Байжанның баласы Апақ суыр інінен шыққан жылтыр қара тас көмірге кездесті. Салпақтатып суырын, қойнына толтырып тас көмірін əкесіне əкеліп берді. Байжекең суырдың інін тереңдетіп қазып көрсе, əр жағы сіресіп жатқан тас көмір екен» (Ғ.Мүсірепов. «Оянған өлке» романы).

Аңыз-деректерде сол тасты тапқан Апақты бір төре іздеп келіп, көмір тапқан жерді көрсеткені үшін ол оған ат тұяғындай алтын, қой тұяғындай күміс беріп кеткен екен дейді аңыз-деректер. Оның қаншалықты рас немесе өтірік екенін білмедік, бірақ, Қарағандыда тұңғыш рет ашылған «Қаразабой» деген шахта сол Апақтың көмір тапқан жерінен ашылған. Ауыл тұрғындары «жанатын тасты» өз игіліктеріне жаратып, қыстан жақсы шыққан екен деген жазбаларды да кездестіруге болады түрлі ақпарат көздерінен. Бірақ, қазба байлықтың өндіріске жарауы үшін 23 жыл қажет болғаны да айтылады.Мәселен, 1854 жылы көпес Никон Ушаков Тоқтамысов пен Өтеповтерді 250 сомға сатып алды. Көпестің жалғыз болмағаны анық. Ол жайлы да түрлі деректер айтылады. Мысалы, «крепостной» болса да, бала кезінен сауда жасап әккіленген оның жер телімін түкке тұрғысыз бағаға сатып алуы да осы ширақтығынан болар. Ал, жер учаскесіне алғаш рет қазық қағылып, жұмысшыларға арналған барақтар мен қойма салынды. Бірақ, кен орындары өзге саудагерлер тәрізді қазақ даласынан тері алып-сатумен айналысқан Ушаковтың қолында мәңгіге қалған жоқ. Оның сату мақсаты қандай болғаны жайлы деректер жоқ. Бірақ, қалай болғанда да, көмір шыққан жер 1904 жылы Франция президентінің ұлы Карноға сатылып кете барды.

Кейіннен Карно да Қарағанды кен орнын 1920 жылға дейін иелік еткен ағылшындарға сатты. Ғалым А.Гапеев бастаған бір топ геологтың келуі де осы жылы. Көмір орнын егжей-тегжейлі зерттеген олар қара алтынның қоры 4 млрд. тоннадан кем емес деп межеледі. Жергілікті тұрғындар үшін де қиын кезең осы болды. Күнкөріс үшін жұмысқа жалданғанымен де, еңбегінің құнын көк тиын еткен ағылшындар қырылған қазақ үшін басын да ауыртқан жоқ. Аштықтан – бір, суықтан – екі, ауыр жұмыстан үш қиналып, жантәсілім еткендердің сүйегі далада шашылып қалды. «Қарағанды мүрделердің үстіне салынған» деген халық арасындағы алып-қашпа сөздің жайдан-жай айтылмағаны анық. Әлбетте, әуелде француздардың, кейіннен ағылшындардың иелігінде болған «Уэльс», «Карно», «Васильевская», «Белая» тәрізді шахталардың бой көтергенін жоққа шығара алмаймыз. Алайда, шахталар Кеңес Одағының құрамына өткенде шетелдіктер өз қолдарымен жасаған дүниені суға батырып кетті. КСРО бәрін қайтадан қалпына келтіруге мәжбүр болды. Содан бері Қарағанды көмір бассейні үздіксіз жұмыс жасап келеді. 1940 жылы Қарағанды көмір бассейнінің құрамында 22 шахта және 1 көмір разрезі болды. Ал, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қорғаныс өнеркәсібін отынмен үздіксіз қамтамасыз етті.

Қиын кезеңде де кеншілер өндірген көмір көлемі еселеп арта түсті. 1945 жылы Қарағанды бассейнінен 11,3 млн. тонна көмір алынды. Содан бері көмір өндірісі арта түспесе кеміген емес. Уақыт бір орында тұрмайды. Ескінің орнын жаңа басты. Технология дамыған сайын, әлбетте, көмір өндіру де еселене түсетіні мәлім. Бірақ… 2001 жылы шыққан А.Левровтың «Книга памяти» атты кітабында 1935 жылдан 1996 жыл аралығында қайтыс болған кеншілер саны 982 деп көрсетілген. Бұл толық тізім емес. Себебі, 53 кәсіпорынның 28-і қайтыс болғандар туралы мәлімет бермеген.

…Өндіріс арта түсті, шахтада қайтыс болғандар саны да. Бүгінде Қарағанды шахталары алпауыт компания «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарайды. Бәрі жақсы деуіміз де мүмкін. Бірақ, олай деуге ырық бермей тұрған апат тағы бар. Салдарынан 2006 жылдан бүгінге дейін 100-ден аса адам қаза болды. Апақ алғаш тапқан күннен бері демесек те, көмір – өміріміздің өзегі. Қарағанды облысының ел экономикасында ойып тұрып алатын орны болса, ол да көмірдің арқасы.

Салтанат ІЛИЯШ

Оrtalyq.kz 

Басқа материалдар

Back to top button