Қамданыс ойдағыдай
Қарағанды аймағында су тасқынына қарсы іс-шаралар күшейтілген режимде жүргізілуде. Төтенше жағдай жөніндегі департаменттің облыстық, қалалық және аудандық штабтары тәулік бойы жұмыс істейді.
Облыста көктемгі қар еру маусымын қауіпсіз өткізу мақсатындағы жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Елді мекендерде қар белсенді түрде шығарылуда. Су өткізу құрылыстары тазартылып, су бұру траншеялары жабдықталды.
Облыстың елді мекендерінен 2,7 миллион текше метрге жуық қар шығарылды. Сондай-ақ, Қарқаралы ауданындағы Жарлы өзенінің арнасында, Қарасор көлінде, Бұқар жырау ауданындағы Нұра өзенінде, Самарқанд су қоймасында мұз жару жұмыстары жүргізілуде. Өзендердегі 20 учаскеде мұз жару жоспарланған.
Тасқын суларды кедергісіз өткізу үшін автожолдардағы су өткізу құрылыстарының 87%-ы және теміржол желілерінің 90%-ы тазартылды.
Қазіргі уақытта негізгі су қоймаларының көлемі ең төменгі деңгейге дейін жеткізілді.
Тасқын қаупі жоғары 174 елді мекен тұрғындарының қатысуымен 170-тен астам жиын өткізілді. Абай және Шет аудандарында, сондайақ, Жезқазған аймағында рейдтер жүргізілді.
15 наурыздан бастап барлық облыстық, қалалық және аудандық су тасқынына қарсы штабтар тәулік бойы жұмыс істейді.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент иелігінде жеке құрамды тасымалдау және халықты эвакуациялау үшін өтімділігі жоғары техника, жол талғамайтын көліктер, жүзу құралдары, өрт-сорғы станциялары, мотопомпалар және тағы басқалары бар.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.