Бас тақырып

Аманатқа адалдық: «Ortalyq Qazaqstan» газетіне 91 жыл толды

Кезекті жұмыс күні. Үстелде үнсіз тұратын қара телефон шыр ете қалды. Үнсіз тұратындығы қазір ұялы телефонның дәуірі. Сөйтсем, Нұра ауданындағы газеттің 50 жылдан бергі оқырманы Нұркей Ысқақов екен. Соңғы беттегі «Сауалына – жауабы» айдарындағы сұраққа жауабын айтуға хабарласыпты. Бұл айдар – аға басылымды ширек ғасырға жуық басқарып, жаңа деңгейге көтерген, марқұм Мағауия Сембаевтан қалған аманат. Осы бір ғана айдардың арқасында қаншама көнерген сөз бен ұмытылған дәстүр халық санасында қайта жаңғырды. Сонда, тұтас газеттің осы кезге дейін, яғни, 91 жыл барысында аймақтың өсіп-өркендеуіне, ел рухының көтерілуіне қосқан үлесін асықпай бағамдап көріңіз.
Иә, бүгін – «Арқа баспасөзінің абызы» атанған қарашаңырақ «Ortalyq Qazaqstan» газетінің туған күні. Игі жақсылардың қаламының құты қалған байырғы басылымды алып корабль десек, сол болмысымен 91 жасқа толып, 100-ге қарай желкенін керді.

Суреттер газет мұрағатынан

«Орталық» бүгінде «Saryarqa aqparat» медиахолдингі құрамында. Басшысы – қазақ журналистикасында өз жолы бар, білікті журналист Қайрат Әбілда. Қайрат ағамыз да осы қарашаңырақтың қазанында қайнап, қазақ баспасөзіне құлаш сермеген азамат.

Ал, корабльдің қазіргі капитаны – Ерсін Мұсабек ағамыз. Борттың құрамы ылғи жастар, арасында біз де жүрміз. Сонау алыстан «Болашақ» дейтін жағалау мұнартып көзге түседі. Енді, сол жағалауға алғашқы капитан Хамит Садықовтан бастап, Рамазан Сағымбеков, Нұрмұхан Оразбеков, Рымқұл Сүлейменов сынды сөз иелерінен қалған көненің көзіндей болған баспасөз кемесін аман жеткізу міндеті тұр мойнымызда. Бұл – үлкен жауапкершілік. Жұмыс үстеліме отырған сайын осы оралады ойыма. Баспасөз айдынында талай толқын соғады. Төтеп беруге міндеттіміз.

Ал, осы алып кеменің іргесін қаласқан Саттар Ерубаев, Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ақселеу Сейдімбек сынды алыптардың жөні бір бөлек. 5-қабатта басылымның осы кезге дейінгі редакторларының портреті ілініп тұрса, 7 қабатқа кіреберісте қабыр­ғада үлкен стенд тұр. Онда газеттің қысқаша тарихы, елдің дамуына қосқан үлесі, мұнда жұмыс істеген белгілі тұлғалардың есімі жазылған. Осының өзі үлкен тағылымды тарих. Жұмысқа күн сайын келгенде қайда келе жатқанымызды еске салады.

Менің орындығым, қоңыр креслом, газетте ұзақ жыл қызмет еткен, белгілі баспасөз жүйрігі Тілеуқабыл Байтұрсын ағамнан қалған. Бізді жан­-жағымыздан осы қасиетті қарашаңырақтың киесі, абыройы қорғап, демеп жүреді. Облыстағы кез келген ауылға барсақ, құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алады. Осының барлығы бізге аман жеткен басылымды құлпырта түсуге, тынысын кеңейтуге жетелеп, рух беріп тұрады.

Қара телефон безілдеп қоя бергенде екі ойлы боламыз. Өйткені, кейде кемшілік те айтылып жатады. Сын түзелмей мін түзелмесі анық. Мінсіз періште ғана. Ал, оқырмандар алғысын жаудырғанда арқаланып қаламыз. Жұмысқа деген құлшынысымыз арта түседі.

– «Орталықты» үзбей оқып келе жатқаныма 50 жылдан асты. Бұрынғы аға буынның біразын көрдім. Аман Жанғожин, Сүйіндік Жанысбай, Серік Сексенұлылармен әлі де хабарласып тұрамын. Газеттің әр нөмірін үзбей оқимын. Кейінгі жастардың ойлауы мүлдем басқаша. Жазғандары ұнайды. Әр саланы жіліктеп, мәселе көтеріп, қоғамға ой салып, аймақ тынысынан хабар беріп отырады. Газеттің алдағы жұмысына сәттілік тілеймін, – дейді Нығмет Нұрмақовтың жиені Дәмеш Тағатқызы.

Қазір газеттің ішкі-­сыртқы мазмұны, дизайны өзгерген. «Ortalyq.kz» сайтынан әлемнің кез келген бұрышынан ақпарат алуға болады. Әлеуметтік желілерде де парақшалары жұмыс істеп тұр. Заманға лайық ақпаратты оқырманға жылдам әрі сапалы ұсынып келеді.

Ендігі мақсат – минут сайын тас­ қындаған ақпарат айдынына төтеп бере отырып, ағалар аманатына адалдық таныту, оқырман сұранысын қанағаттандыру, аймақтың дамуына, ел рухының көтерілуіне үлес қосу. Өйткені, аманат кілті – адалдықта!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button