Руханият

Алтын сандық ақтарылған күн

Кітап – адамның жан дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың алтын сандығы. Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Қарағанды қаласының 90 жылдық мерейтойы аясында «Достық пенен шапағаттың, Бесігі сен, Қарағандым!» атты кеш өтті.

Сурет ұйымдастырушылардікі

Шарада барлық саналы ғұмырын қазақ руханиятына арнаған, осы жолда талмай ізденген, қазақы рухты әндерін дүниеге әкелген ақын, әнші Бота Ноғаеваның шығармашылығына арналған «Ән-Бота» кітабының таныстырылымы жасалды.

Сөз кезегін алған кітап авторлары Бірлік Қазақызы мен Үміт Қазақызы әншінің өмір жолы жайында естеліктерімен бөлісіп, кітаптың жарыққа шығу тарихына тоқталды. Ардагер ұстаз Ерік Әбішев Б.Ноғаеваның өлеңдері мен өзінің арнауларын оқыса, әншінің шәкірті Айсұлу Әділбекова «Өркендей бер, Қарағандым!» әнін орындап, оқырман қошеметіне бөленді. Облыстық және мектеп кітапханаларына жаңа кітаптарды сыйға тартты.

Н.Гоголь кітапханасы құрас­тырған «KRG: Open-Air» интер­активтік онлайн-гид жобаның авторы кітапхананың ғылыми хатшысы В.Пак Қарағанды қаласына арналған жобадағы ақпараттың қысқа екендігі, бірақ нақты фактілерге толы анықтама болатындығы жайында, мұнан оқырмандар қаланың көшелері, сәулет ескерткіштері, тұлғалары, ескерткіштері, саябақтары һәм алаңдары туралы мәліметпен таныса алатындығы туралы әңгімеледі.

Шарада өлкетану жаңа кітап топтамаларының, яғни, жаңа қазақ әдебиеті сериясымен жарық көрген Ж.Әлиманның «Жұлдызымның жорығы», А.Рахымжанованың «Алтын тамыр», Ж.Байбұланованың «Сезім сөздігі» атты жыр жинақтары мен Е.Джиеналиевтің «Девушки из города Караганда» романы да таныстырылды. Қарағанды облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының бастамасымен жарыққа шыққан әнші-сазгер Амангелді Ахметжановтың «Айналайын» атты әндер жинағы жөнінде де қысқаша мағлұмат берілді.

– Кітапхана – елдің, жердің шежіресі мен тарихын, өлке қаламгерлерінің рухани мұрасын, жетістіктерін түгендеп, оны насихаттайтын киелі орда. Біз аймақтың барлық ғалым, ақын-жазушы және басқа да өнер адамдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Бүгінгі таныстырылған, тұсауы кесілген кітаптар мен өткен шара сол тынымсыз жұмыстардың бір парасы ғана. Қаламыздың мерейтойы аясында жыл бойы жоспарланған игі істер бар, – деп атап өтті кітап­хананың өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы Сандуғаш Телпекбаева.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button