Алтын орда – 750: көне тарих ізімен
Кеше Қарағанды қаласынан «Ұлытау – Алтын орданың бесігі» ғылыми-танымдық экспедициясы жолға шықты. Сапар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының аясында ұйымдастырылған. Экспедиция құрамында тарихшылар, өлкетанушылар, биологтар, геологтар, суретшілер және БАҚ өкілдері бар.
Алты күнге жоспарланған бағдарлама сәйкес, экспедиция мүшелері Ұлытау өңіріндегі тарихи орындарға сапар шегеді. Бұл шара Алтын орданың құрылғанына 750 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында отандық туризмді дамытуға тың серпін беру қажет екендігін атап өткен болатын. Расымен де, әлем елдерінде Шыңғыс хан өміріне деген қызығушылық жоғары. Ал, сол ұлы қағанның үлкен ұлы Жошы ханның мазары біздің жерімізде, Ұлытауда тұр. Біз осынау ғажайып тарихи жәдігерді барша әлемге танытуымыз керек, – деді облыстық өлкетану музейінің директоры Ержан Нұрмағанбетов арнайы экспедицияның жолға шығуына орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында.
Сапардың алғашқы күнінде экспедиция мүшелері Жұбан ана кесенесіне соғып, тарихымен танысады. Осыдан соң Жезқазған қаласында аялдап, әрі қарай Ұлытау өңіріне жол тартпақ.
P/S: «Ұлытау – Алтын орданың бесігі» ғылыми-танымдық экспедициясы туралы толыққанды ақпарат газетіміздің алдағы санында жарияланады. Сапар барысы туралы ақпаратты күн сайын ortalyq.kz сайтынан онлайн оқуға болады.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.