АймақАқтоғай

«Алтын кітапқа» енген есімдер

Ақтоғай ауданының Ақтоғай мәдени бос уақыт өткізу орталығының қызметкерлері, «Тоқырауын толқыны» халықтық ән-би ансамблінің мүшелері Нұржан Әлібеков пен Арай Есімова Қазақстан Республикасы «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен «ҚР Еңбек озаттарының алтын кітабы» атты республикалық байқауға қатысып, жеңімпаз атанды.

Республикалық байқауға мәдениет саласы бойынша 200-ге жуық өнерпаздың құжаты түскен. Талапқа сай үздік деп танылған өнер адамдарының өмірбаяны осы жинаққа енген. Олардың арасында ақтоғайлық Нұржан Саржанұлы мен Арай Төкенқызы да бар. Олардың есімі үздік танылып, «Алтын кітапқа» еніп қана қоймай, алтын төсбелгі тағынып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. «ҚР Еңбек озаттарының алтын кітабы» мен куәлігін алған өнерпаздар еңбегінің бағаланғанына дән риза. Байқау онлайн өткен. Мәдениет саласының майталмандары қазылық еткен байқауда қатысушылардың жетістіктері сарапталыпты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткен «ҚР Еңбек озаттарының алтын кітабы» атты республикалық додада жеңімпаз атанғаныма ризамын. Тәуелсіздік жылдары өз мамандығының хас шебері атанып, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін кеңінен насихаттауды мақсат еткен байқау арқылы талай талантты танып қайттық. Байқауда бүгінгі ұрпақтың еліне деген құрметін күшейту, отансүйгіштік сезімін арттыру назардан тыс қалмағандығына ерекше қуандым, – дейді Арай Есімова.

Айта кетейік, Арай Төкенқызы 2012 жылы Көкшетау қаласында өткен республикалық жас орындаушылар байқауының дипломанты атанған. Бұдан бөлек, халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері. Шәкірттері де жарыстарда топ жарып жүр. «Қобыз үйірмесінің» жетекшісі және Ақтоғай мәдени бос уақыт өткізу орталығының әуенмен сүйемелдеушісі болып жұмыс істейді. Ал, Нұржан Әлібеков 2002 жылдан бері аудандық мәдениет үйінде еңбек жолын бастап, мәдениет саласында 21 жыл қызмет жасап келеді. Орталықтың «Зерде» бейнемобилінің меңгерушісі, Ақтоғай халық театрының актері. 

Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button