Алтыбақан немесе оныншы сыныпқа жүктелген міндет
Мамырдың мамыражай бір кешінде ауыл іргесіндегі сай жақтан біресе баяу қалқып, біресе шалқи шыққан әуен түн тыныштығын бұзар еді. Алыстан талып жеткен әуезді дыбыс. Жастардың шуы, махаббат дуы! «Құлақтан кіріп, бойды алған» әсем әуенді бар жұлын-жүйкеңмен сезініп, ақыры солай қарай беттеп бара жатқаныңды білмей де қалатын едің. Жақындаған сайын қыз-қырқынға қырындап, қалжың айтып тұрған бозбала даусы, онымен сөз қағыстырған бойжеткеннің сыңғырлаған үні еліктіре түседі. Бұл – ауылдан шамамен бір шақырым жердегі алтыбақанның аясында жарастық тапқан жастардың дабыры. Арқаннан бекем ұстаған бозбала мен бойжеткен ашық аспан астында, тымық ауаны тілгілей тербеледі. Оларды ышқына тербеткен жігіттер де көңілді. Ал, осы уақытта мұнда жиналған жастар баяу ғана шалқыған алауды қоршай отырып, ұзынсонар әңгіменің шетін тарқататын
Бұл – ауыл іргесіндегі алтыбақан басында күнара болатын көріністің жалпы сипаты. Жол түсіп біздің ауылға, яғни Шабанбай би ауылына келер болсаңыз, онда міндетті түрде ауылға кіреберіс тұста жолдың сол жақ қапталында орналасқан еңселі алтыбақанды көресіз. Қатпары қалың қызыл таудың етегін ала орналасқан кәдімгі алтыбақан. Осы бақанның құрылуы өз алдына қызық оқиға…
Өзге өңірде бар ма жоқ па беймәлім, бірақ бұл ауылдың жазылмаған бір заңы бар. Көктем келгенде алтыбақанның құрылуы, сонымен бірге оның қара күзге дейін бүтін тұруы әр жыл сайын оныншы сынып ұлдарына міндеттелген. Қар сөбесі сөгілгеннен оныншының ұлдары алтыбақан қамына кіріседі. Алдымен ауыл ішінен тіреу болуға тұрарлық бөрене іздестіреді. Үй-үйдің іргесін, қора-қопсының маңын тінтіп, көлденең жатқан сырық көрсе, жалынып-жалпайып сұрап алады. Кейбір илікпейді-ау дегендерінен сұрамай алады. Ең жаманы – бақанын ұрлатқан адам сезіп қойса, сайдағы барлық бөренені үйіне тасып әкетеді. Ондайда бозбалалар қайтадан түн қатып, сырық іздеуге көшеді.
Алтыбақан әзір болғаннан кейін, төңірегін мұнтаздай ету міндет. Межелі уақыт – 1 мамыр. Осы күні кешқұрым ауылдағы барша қыз-жігіттің қатысуымен алтыбақанның бейресми ашылуы өтеді. Жастардың құрметіне дастарқан даярланады. Әгәрәки осы аталғандардың біреуі дайын болмаса, яки бақанның бір тұсы олқы болса, дөкейлерден дөңайбаттың үлкенін сонда көресіз. Бұрынырақта бастан өткен кер.
Бұл нендей пәлсапа дейтін боларсыз. Қазір ойлап қарасам, осы ғұрыпта үлкен мән жатыр екен. Ең алдымен бұл – ұрпақтар сабақтастығының нақ өзі. Көзбен көріп, қолмен ұстап, өзің бейнеттеніп құрғаннан кейін ата-бабадан аманатталған ұлттық ойынның қадір-қасиетін анық сезінеді екенсің. Ең бір аяулы дүниеңдей жүрегіңнің төрінен орын алады екен. Екіншіден, бұғанасы енді бекіп келе жатқан мектеп оқушыларына осындай ауқымды жұмысты міндеттеу олардың бойындағы жауапкершілік сезімін оятады. Бота тірсек бозбала өзінің азамат қатарына қосыла бастағанын сезінеді екен. Бұл – біздің ауылда күні бүгінге дейін үзілмей келе жатқан қағида.
P.S. Жақында ауылға интернет жетті. Бөркімізді аспанға атып жатырмыз. Әсіресе, жастарға рахат. Ғаламтордың түпсіз тұңғиығына сүңгіп-сүңгіп кетті. Жақсы ғой… Енді біздің ауылдың жастары алтыбақанға барар ма екен?! Оныншының ұлдары түн қатып, бөрене ұрлар ма екен?..
Еркебұлан АЙТЖАН.