Алматыдан келген хирург Қарқаралы ауданының тұрғындарына тегін ота жасайды
Алматылық хирург Александр Чупин үш күн ішінде Қарқаралы ауданында тұратын 17 науқасқа ота жасайды. Дәрігер аудандық аурухананың шақыруымен келді.
Александр Чупин – елдің жетекші хирургтарының бірі. Ол жедел операциялық гинекологияға маманданған.
Хирургтың алғашқы пациенттерінің бірі 42 жастағы көп балалы ана болды. Ол наурыз айында Александр Чупинге қаралуға жазылған. Барлық анализдерді алдын-ала зерттегеннен кейін дәрігер әйелге ота жасады.
– Мен дәл осы хирургқа келгеніме өте қуаныштымын. Менің дертім ұзақ уақыт бойы мазамды алған еді, осыған дейін толық тексеру және операция жасау үшін Қарағандыға барудан тартынып жүр едім. Біресе уақыт жеткіліксіз болды, біресе басқа да тағы себептер пайда болды. Ал мұнда маған ешқайда барудың қажеті жоқ. Маған 20 минут ішінде аудандық ауруханада ота жасалды. Сонымен қатар, менің операциям, егер оны жеке клиникада жасатсам, бір миллион теңгеден асатын еді. Ал аудандық ауруханада оны тегін жасады, – деді науқас.
Қабылдаудың бірінші күні, 11 сәуірде Александр Чупин тоғыз әйелге ота жасады. Барлық қымбат операциялар медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен төленеді.
Дәрігер маусым айында Қарқаралыда қабылдауды жалғастыруды жоспарлап отыр.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі