Басты тақырыпСпорт

Алау – дода бастауы

     Кеше Астанада Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен ХХVІІІ Қысқы Универсиаданың Алау эстафетасы басталды. Салтанатты рәсімде Елбасы ел құрамасының капитаны, биатлоншы Дәулет РАХЫМБАЕВҚА Қазақстан Туын табыс етті.

Эстафета Қарағанды жерінде жалғасын таппақ. Бүгін Қарағанды аймағында ХХVІІІ Қысқы Универсиада ойындарының алауы жағылады. Қарағандылықтар алауды Ел­басының саяси және еңбек жолы бас­талған Теміртау қаласында тұтату­ды жоспарлауда.

Құрыш қаладағы Қарағанды мем­­лекеттік индустриалды университетінде аймақтағы шахталардан жеткізілген көмірге «АрселорМиттал Теміртау» АҚ №2 домна пешінен алынған шоқпен ұшқын берілмек.

Бұдан кейін алау Қарағандыдағы «Қарағанды – Арена» мұз сарайына әкелінеді. Оны ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы­ның 12 курсантынан құралған арнайы жасақ алып жүреді. Мұнда ҚарМТУ-дың тау-кен факультетінің сту­денттері шахтаға түсіп, өздері қазып алған көмірмен алау жалыны үс­темеленбек.

Мұз сарайында рәсімге орай, шоу бағдарлама ұйымдастырылмақ. Бағдарламаға 150-ден астам хоккейші мен мәнерлеп сырғанаушы қатысады деп күтілуде.

Шара соңында алау ұшқыны арнайы колбаға салынып, Алматыға жөнелтіледі.

Баспасөз мәслихатына қатысқан Алау Эстафетасы дирекциясының техникалық маманы Рүстем Алмағамбетовтің айтуынша, колбадағы алау 35 сағат үздіксіз жанып тұра алады. Колба түрлі тосын оқиғаларға, отқа, суға, тіпті, жарылысқа төзімді. Алау салынған колбаны аман-есен Алматыға жеткізу осы Рүстем мен ІІ Жастар Олимпиадасының чемпионы, боксшы Абылайхан Жүсіповке жүктелуде.

Қарағандылық жалын Алматыға жеткізіліп, 29 қаңтар күні өзге де өңірлерден жиналған ұшқындардың қосылуымен жаһандық жастар додасының алауы жағылады.

Қарағанды облысында алау 12 шақырымды жаяу жүріп өтеді. Оның 3 шақырымы – Теміртауға, 9 шақырымы – Қарағандыға тиесілі.

Универсиада ойындарының Қарағанды облысындағы дайындық шараларына 36 млн. теңге бөлінген. Бұл туралы сейсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукова мәлім етті.

Алаугерлерге арнайы киім тігілді. Бұл ретте өңірдегі жоғарғы оқу орындарынан 60 студент таңдап алынған еді. Киім тігу ісі Саран қаласындағы «Saran Tex» кәсіпорнына міндеттелді. Ұйымдастыру шараларына қарағандылық компаниялар жұмылдырылды. Полиграфиялық өнімдерді де жергілікті кәсіпкерлер бастырып берді.

Барлық жұмыстарға 36 млн. теңге жұмсалды. Мұның ішінде Универсиадаға қатысушы спортшыларды дайындау шараларына қарастырылған қаржы да бар.

– Біз спортшыларымыз­дың жаттығуларына баса көңіл бөлдік. Қажетті жағдайды толығымен қамтамасыз еттік. Олар былтырдан бастап әзірлікке кіріскен. Сондықтан, жерлестеріміз жарыста топ жаруға қауқарлы деп ойлаймын, – деді Наталья Сухорукова.

Универсиадада 11 қарағандылық спортшы бақ сынайды. Жерлестеріміз конькимен сырғанау, биатлон, шаңғы жарысы және хоккей спорттарында жарысқа түседі.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button