Рухани жаңғыруРуханият

Алашшыл ақын – көкшулан жырлар

Жуырда облыстық Жайық Бектұров атындағы жасөспірімдер кітапханасында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ақын Қажымұхаммед Дияқажыұлының шығармалары топтастырылған кітаптың тұсаукесері өтті.

Салтанатты шараға ақынның қызы София Атшабекқызы, қарындасы Нәстай Құлжанбекова, қалам ұстап, ой кешкен, қаламгерлер қауымы қатысты. Арқа топырағында дүниеге келіп, сөз өнерін бойына сіңірген қарымды қаламгер, алашшыл ақынның, халық жауының баласы атанып, құқай көргендігі жайлы тұсаукесерде құттықтаушылар жете тоқталды. Өлеңдері сыршыл сезімнің, нәзік мұң мен азаматтық ой алмасқан ізгілік пен ақиқаттың алдаспаны сынды өткір тағдыр иесінің өлеңі қымбат бойтұмары екендігі айтылды. Ақындық толысудың бірнеше кезеңін артқа тастап, парасат биігіне қарай қадам басқан жерлесіміздің өмір жолы жеңіл болмағандығын ақынның қызы София Атшабекқызы ерекше тебіреніспен жеткізді. Ақын шығармаларын құрастыруға атсалысқан журналист-жазушы, этнограф Төрехан Майбасқа және ақын шығармаларының жинақ болып жарық көруіне қаржылай көмектескен «Көкбөрі Керней баба» қайырымдылық қорына алғысын білдірді.

Білім саласының ардагері София Атшабекқызы, жазушы Кәмел Жүністегі, «Көкбөрі» Керней баба қайырымдылық қорының төрағасы Мира Атамалқызы, облыстық Жайық Бектұров атындағы жасөспірімдер кітапханасының директоры Нұргүл Қасымханқызы салтанатты рәсімде кітаптың лентасын қиып, оқырмандарға таратты. Туындының тұсауы кесілгеннен кейін ақындар Нұрғали Ибраев, Тезекбай Амандық, Мүсіркеп Сейдахмет өлең оқыса, қаламгерлер арасынан Мұхамедқали Баймұқанов, Әли Тойжігітов оқырман ретіндегі пікірін жеткізді. Әншілер Боташ Ноғаева мен Аманжан Манабав ән шырқап, тыңдарманды тамсандырды.

Төрехан МАЙБАС, жазушы:

– Ақынның өмірі құлшыныс, күреспен өтті. Қазақ халқының өз тұсындығы өмірін бар шынайылықпен бейнеледі. Жамбыл ақынның хатшысы қызметін атқарып, Жыр алыбы өлеңдерінің орыс тілі редакциясын басқарады. Қазақ радиокомитетінде төраға орынбасары, М.Әуезов атындағы драма театрында өнер бөлімінің меңгерушісі, «Қазақфильмде» сценарий бөлімінің редакторы, «Мәдениет және тұрмыс» журналында түрлі қызметтерді тізгіндеді. Бірқатар сатиралық өлең, мысал жазды. «Дария» атты өлеңдер кітабы, «Бетпақдалада» деп аталатын дастан сол уақыттағы солақай саясаттың салдарынан жарыққа шықпай қалды. Қай өлеңін алып қарасаңыз да, ақынның өз өмірі, заман шындығы қатар өріліп жатады. Бар ғұмырын халқының азаттығы жолындағы күреске арнап, елінің мұңын жырлап, жоғын жоқтап өткен ақын – Қажымұхаммед Дияқажыұлы. Бұл еңбегімізде Қажымұхаммед атай алмаған, тани алмаған уақытымызға салауат айтып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміздің жанғанын бағалап, асылымыздың қадірін біле түссек дегенді мақсат тұттық.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button