Алаш өнерін әйгіледі
Алаштағы Арқа өнері әлемдік фестивальде үздіктер қатарынан көрініп, қазақ өнерінің мәртебесін көтеріп келді. Сексен жылдық тарихы бар С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының бұл жетістігі Қарағанды ғана емес, қазақ өнерінің алға озғаны. Артық дәрежесі. Әлемдік бәсекеде Алаш өнері алдыңғы сапта тұр деген сөз! Қуанбағанда ше? Қазақ ұлтының мерейін қарағандылық өнерпаздар өсіріп жатқанда!
Румынияның Тырговиште қаласында өтетін бүкіләлемдік «Babel» театрлар фестиваліне кез келген театр шақырыла бермейді, білуімізше. Әр елдің өз ішінде ғана емес, әлем елдері арасында мойындалып, қойылымдары жоғары бағаланып жүрген театрлар таңдалады онда. Аталған фестивальде жоғары өнер көрсету үшін биыл Қазақстаннан біздің Қарағанды облыстық Сәкен театры таңдалып, арнайы шақырту алған екен. Әлемдік додада өнер көрсеткен театр ұжымы үздік танылғаны өз алдына, сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болыпты. Сүйінші сөз бізден, сүйінші сізден болсын онда! Бүкіләлемдік «Babel» театрлар фестивалінің маңызы өте жоғары. Театрлар мұнда дүниенің төрт бұрышынан барып өнер көрсетеді. Румынияның Тырговиште қаласындағы дүниежүзілік өнер сайысына биыл театрлар 26 мемлекеттен қатысыпты. Біздің елдің театрымен қатар, арасында Ресей, Үндістан, Жапония, Бельгия, Германия сияқты өркениет көшінде өнері мен мәдениеті озық тұрған елдер де бар. Осылардың арасынан жоғары бағаланып, үздік танылған біздің театр ұжымы мен басшылығына алғыс пен марапат та ерекше болуы тиіс, ендеше.
Әлемнің әр түпкірінен келген 26 театр өнер көрсеткен халықаралық фестиваль жеті күнге созылыпты. Сәкендіктер онда атақты Шекспирдің «Гамлетін» қойыпты. Адамзаттың тақ таласы мен бақталасынан тұратын трагедия – «Гамлетті» кезінде осы театрдан көріп, біз де сөз жоқ, бас шайқап қайтқанбыз.
– Румыниялық көрермендер мен әр елден келген әртістер қауымы ғана емес, спектакльді сыншылар да жоғары бағалап, өнертанушылар арнайы тоқталып, оң пікір білдірді, – дейді С.Сейфуллин атын- дағы облыстық қазақ драма театрының директоры Сансызбай Бекболатов.
– Спектакльді қою барысында, әрбір әртіс образға кіруде шеберлік биігіне көтеріліп, үздік өнер көрсетті деп білем. Әйтпесе, біз көрерменнің ыстық ықыласына бөленбеген болар едік. Ал, театр сыншылары мен өнертанушылардың пікірі тіптен керемет шықты десе болады. Фестиваль барысында мен мынандай ойға қалдым: біздің Қазақ елі өзінің өнері мен мәдениетін әлі толық танып, бағасын бере алмай отырғандай. «Гамлетті» 1сағат 20минуттың көлемінде ойнап, образдарды сомдап шығу – өте қиын дүние. Асқан қабілет өз алдына, әртістік шеберлікті қажет етеді. Біздің әріптестеріміз осы үдеден шыға алғандықтан да, әлемдік фестивальде еліміздің атын шығарып келіп отыр. Қазақ өнерінің мәртебесін көтеріп, мерейі үстем болып оралды. Бір сөзбен айтқанда, шетелге қазақ атын танытып қайттық. Олар әуелгіде «Қазақстан деген қай ел, Қарағанды қандай қала?» деген сұрақтың астына алды бізді. Мен елімізді таныстырып, салт-дәстүрлеріміз бен жетістіктерімізді тәптіштеп түсіндірген болдым басында. Содан кейін біз қалай спектакль қойып, көрерменнің қошеметіне
бөлендік, Қазақ еліне деген олардың пікірлері өзгеріп шыға келді. Қазақ театрының осындай биік деңгейде екендігі оларды қатты таң қалдырды десем, артық айтқандық емес, – деп қуанышымен бөлісті С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ театрының директоры Сансызбай Нұрсияұлы.