Алаш атын әйгіледі
Алаш тұғыры – Астана Қарағандыға көшіп келгендей болды. Керемет кештер мен қызықты шаралар қойған астаналық өнерпаздар екі күн бойы қарағандылықтарды көзайым етті. Өнерпаздар болғанда, қандай! Елдің алдында жүрген әнші, күйші, биші, тағы басқалары маусым айының 21-22-сі күндері қала тұрғындары мен қонақтарына Қарағанды облысындағы Астананың мәдени күндері аясында өнер көрсетті.
Астанадан – Алашқа
Биыл Астананың 20 жасқа толған мерейтойы болған соң, бұл – Бас қаланың елге тартуы. Сондықтан, ұйымдастырылған концерт, қойылған көрме, цирк, қысқасы, Елорданың ғажайыптарын облыс халқы екі күн бойы тегін тамашалады.
Астана қазір әлемдегі таңдаулы қалалар қатарында. Іші-сырты бірдей сұлу. Небір дүлділдер мен бұлбұлдар осында. Бірінен-бірі өтіп өнер көрсетіп, қарағандылықтар бір жырғап қалды. Бір уақытта бірнеше жерде өтіп жатқандықтан, біз бас сұққан шараларға қараңыз.
21 маусымда Кеншілер мәдениет сарайында әуелі «Ақ тілекпен, Астана» атты көрме өтті. Онда Елордадағы Тәуелсіздік сарайының қорынан қазақстандық «мен» деген суретшілердің 60-қа жуық туындылары қойылып, таныстырылымы өтті. Олардың арасында Р.Күлбатыров, М.Бекеев, С.Аллабергенов, Н.Қаржасов, Р.Слекенов, астаналық М.Байбосынов, Д.Макин, Д.Нүгер, тағы басқа суретшілер мен мүсіншілер Т.Ермеков пен С.Смағұловтың таңдаулы деген жұмыстарын тамашаладық. Көрме қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетінен, тұрмыс салтынан хабар бергені былай тұрсын, Алаш рухын әйгілеп тұрғандай. Кешегі көшпелі еліміздің көрінісі мен бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бетбейнесі атойлап тұр. Астана арқылы – Алашты, Алаш арқылы Астананы тануға болады деген сөз!
Арындап ән-күй шалқыды
Көрмеден кейін Кеншілер мәдениет сарайында «Астанадан ақ тілек» атты керемет концерттің куәгері болдық. Бас қаланың биік талғамы кеш басталғаннан байқалып еді. Атаулы шараға облыс әкімі Ерлан Қошановтың өзі қатысты. Зал лық толды және жұрт соңына дейін тырп етпей отырды. Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрінің орындауындағы күйлер қандай әсерлі шықты! Дирижері – Қазақс танның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов. Арқа топырағын сыйлағаны болар, Тәттімбеттің «Сарыжайлауынан» бастады. Шертпе, төкпесі бар, жеті-сегіз шығарма орындалды оркестрде. Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбетін де» мейлінше сәтті шығарды. Арасында оркестр домбырашылары шығып күй тартысты. Жай домбырашылар емес, әрқайсы – халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Арындаған төкпе күйден арқасы қозған халық өнерпаздарды қошеметпен көтеріп тастады. Астаналық «Шалқыма» халық би ансамблі мен эстрадалық би ансамблі ерекше эстетикалық әсер сыйлай алды. Классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің әнші-солистері салған қазақ әндері де құлақ құрышын қандырды. Классикалық үлгіде ән шырқайтын (дәстүрлі емес) төрт бірдей әнші шығып, Арқа, Батыс, Сыр өңірлерінің әншілік мектептерін жаңғыртты. Астанадан келген соң, әуелі Ғазиздың әнін шырқады. «Атандым Ғазиз ақын бала жастан, Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан» дейді. Қараөткеліңіз қазір Алаштың алтың тәжі. Осындай күнге жеткізген Тәңірге тәубе!
Қазақ классикалық ән-күй өнерінен кейін кезек эстрада жұлдыздарына тиді. Эстрада жұлдыздарын бастап шыққан Клара Төленбаева әнді келістіріп шырқады. Қайрат Баекенов пен «Формат» тобы, Алмас Кішкенбаев, Асқар Жайлаубаев, Күлайым Қайырбаева сынды эстрада жұлдыздары өнер көрсеткен кешті Қайрат Нұртас қорытындылады. Қайратқа халықтың қошеметі шексіз!
Бұл концерт аяқталысымен, мәдениет және демалыс орталық саябағында ашық аспан астында «Астанадан ақ тілек» атты гала-концерт өтті. Мұнда да танымал әншілер мен елордалық диджейлер өнерлерін әйгіледі.
21-22 маусым – екі күн қатарынан Астана циркі біздің цирк ғимаратында көрермендерді шоу бағдарламасымен жаулады. Сондай-ақ, «Наз» мемлекеттік би театры «Елімнің жүрегі – Астана» атты хореографиялық композицияларын көрерменге 22 маусымда кешкі сағат 19.00-де Кеншілер мәдениет сарайында ұсынды.
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»