Қарағанды

Алаш айлығы аясында

«Ұлттың ұлы тұлғасы». Осындай тақырыппен Қарағанды қаласындағы №86 орта мектепте журналистермен кездесу өтті. Шара Балалар жылы, Тәуелсіздік күні және Алаш автономиясының құрылғанына 105 жыл толуына орайластырылды. Мақсат – Әлихан Бөкейхан, Ақбайдың Жақыбы, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынұлы ұстанымдары мен шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау. Спикерлер ретінде абайтанушы ғалым, ақпараттық технологиялар маманы Сұлтан Ыбырай мен журналист-публицист, «Astana aqshamy» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай оқушылармен ой бөлісті.

Сұлтан Ыбырай Алаш көсемі Ә.Бөкейханның қолжазба дүниелеріне қатысты тың деректермен, орамды ойларымен бөлісті. Мектеп оқушылары ұлт мұраты, тәуелсіздік талабына қатысты алуан түрлі сауалдарын жолдап, қазақ қайраткерлерінің тұлғалық болмысын жан-жақты танып-білуге мүмкіндік алды.

Төлен Зәрубайұлы оқушылар мен мұғалімдерге Алаш аманаты мен Тәуелсіздік мұраты, отансүйгіштік пен ұлтжандылық турасындағы ой-пікірін ортаға салды. Кездесу соңына таман өзінің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарық көрген «Тәуелсіздік — тұмарым» және биыл баспадан шыққан «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» атты кітаптарын мектеп ұжымына сыйға тартты. Мектеп директоры Гүлдана Асамиданова қонақтарға ілтипат білдіріп, оқушыларға елтану тұрғысында әсерлі әңгіме өрбіткені үшін алғыс айтты. Кездесуді ұйымдастырған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Бағира Сағындықова мен Айгүл Бейсенбина әсерлі, мағыналы жүздесудің мұғалімдер мен балалардың көңілінен шыққанын жеткізді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button