Қаламгер — құрмет құшағында

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Орталық Қазақстан» газетінің ардагері, жазушы, журналист Сүйіндік ЖАНЫСБАЙДЫ Арқа жұртына таныстырып жатудың өзі артық. Қарағандылық қарымды қаламгердің жазған дүниелері тасқа басылып, аймақ жұртшылығының рухани азығына айналғалы қашан?! Ел таныған, жер таныған қалам иесі 70 жасқа толуына байланысты Н.Әбдіров атындағы спорт сарайының мәжіліс залында оқырмандарымен кездесті.

Арқа жұрты қаламгерге кенде емес. Ақын, жазушы, публицист, журналисін санап бітпейсіз. Солардың арасында сатира мен детектив жанрына қалам тартқаны кемде-кем, бірақ. Өлең мен әңгіме, повесть, хикаямен қатар, аталған екі жанрды қоса арқалап келе жатқан қаламгер – осы Сүйіндік аға. Бүгінге дейін шыққан 20-ға жуық кітаптары арасынан «Ақабайдың ала қабы» мен «Өкініш» жинақтары дәлел оған. Публицистикалық шығармалары өз алдына бір төбе. Осының алдында ғана шығармашылығына газетіміздің айқарма беті арналған қаламгердің кездесу кешіне сонау Алматыдан Жазушылар одағының құттықтау хаты мен қаламгерге жолдаған тартуы – Абайдың шағын мүсінін алып, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Абзал Бөкен келіпті. Бұдан сәл бұрын өзі де жетпістің желкенін көтерген Абзекең одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің сәлемін жеткізіп, құрдасы әрі жерлесі Сүйіндік аға жайлы бір ауыз жылы лебіз білдірді.

Аймақ руханиятының жоғын жоқтап, ырысын еселеп жүрген қаламгердің мерейлі жасын облыс әкімі де ескерусіз қалдырмапты. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев аймақ басшысының құттықтау хаты мен құрмет гүлін ұсынып, мезіреті қылды. Кеш барысында сөз сөйлеген Серік Ақсұңқарұлы «Сүйіндік ағамыздың жасынан қолынан қаламы түскен жоқ. Қаламдас ағаларына – іні, інілеріне аға бола білді. Ешкімді аяғынан тартқан жоқ. Аты өзінен де сүйкімді – Сүйіндік Жанысбай! Қазақ әдебиетінің қарапайым бір өкілі, қызметшісі болды. Осы көкемнің 70 жылдығы құтты болсын! Көсегесі көгере бергей!» деді.

Біздің редакция ұжымының да Сүйіндік ағаға деген ықыласы ерекше. Жарты ғасыр қаламгерлік ғұмырының отыз жылдан астамы осында өткенін көнекөз оқырман білсе керек. Мұны ескерген облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Қамбар Ахметов ардагер журналисті мерейтойымен құттықтап, иығына оқалы шапан жапты. Сол арада қалалық мәслихаттың хатшысы Бексұлтан Құдайбергенов пен Қамбар Жұмағалиұлы автордың «Елорда – «Бәйтерегі» атты публицистикалық жаңа жинағының тұсауын кесті. Бүгінде біз қалам ұстап, мақала жазып жүрсек, әуелі – Алла, одан кейін осы Сүйіндік ағалардың арқасы. Алғаш тілші болып жұмысқа орналасқан күннен бастап, сөз саптап, сөйлем құраудың қыр-сырына бойлатқан бірден-бір қаламгер екенін неге жасырайық? Ардагер журналистің кездесу кешін газетіміздің Бас редакторының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабеков жүргізгені де қалам иесіне деген қаламгерлер құрметінің бір белгісі.

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының Алғыс хатын ақын Руслан Нұрбай табыстап, Сүйіндік ағамызға арнау өлеңін оқыды. Облыстық «Saryarqa» телеарнасының директоры Берік Дүйсетаев пен ақын Балтабай Батталғазиннің лебізі мен тарту-таралғылары да көңілге жылу ұялатты. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың өлкетану бөлімінің ұжымы көрме ұйымдастырып, қаламгер кітаптары мен мерзімдік басылымдарда жарияланған танымдық мақалаларына шолу жасады.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»