Қала тазалығы – мәдениеттің өлшемі
Қазыналы Қаражал қаласының жұртшылығы мамыр айының маңызды мерекелерін көктемгі санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру айлығы аясында ұжымдық еңбектің ұтымды үлгісін көрсете отырып, қарсы алды. Биылғы жылы алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды сенбілікте, әсіресе, қаланы қалыптастырушы кәсіпорын – «Өркен» ЖШС «Өркен-Атасу» өкілдігінің жұмысшылары мен инженерлік-техникалық құрамы белсенді қимыл танытты.
Қала аумағын тазалау шараларына іргелі кәсіпорынның «Батыс Қаражал» шахтасы, байыту фабрикасы, сондай-ақ, басқа да цехтарынан екі жүзден аса адам тартылды. Жиналған қоқысты арту және арнайы бекітілген орынға тасымалдау жұмыстарын жүргізу үшін өкілдіктің 2 «КамАЗ» көлігі мен 1 жүк тиейтін техникасы іске қосылды. Тазартылуға тиісті аумақтар қала әкімдігі тарапынан алдын ала айқындалып, жүйелі жоспар құрылды.
Серпінді сенбілік барысында өндірістік кәсіпорын жұмысшылары мен мамандары қала аумағының басым бөлігін тап-тұйнақтай тазалап, көрген көз қуанатындай деңгейге жеткізді. Олар өкілдіктің бас кеңсесі төңірегінде, 12, 13 және 25-орамдарда, қаланың саябақтары мен гүлзарларында еңбек етті.
– Санитарлық тазалық жұмыстары бізге бекітілген тұрғын үй орамдары мен алаңқайларда ұйымдасқан түрде өтті. Рұқсатсыз үйінділерді толықтай сыртқа шығардық. Жиналған қоқыстың арасында автокөліктердің қолданыстан шыққан қосалқы бөлшектері мен дөңгелектері, көлік майының босаған ыдыстары, түрлі көлемдегі пластик және шыны ыдыстар, пайдалануға жарамсыз жиһаз бөлшектері, басқа да тұрмыстық қатты қалдықтар көп кездесті. Құрылыс жұмыстарынан кейін жинаусыз қалған қоқыс та аз емес. Мұның бәрі – тұрғындардың қаланың санитарлық тазалығы жағдайына салғырт қарауының көрінісі. Міне, төңірек түгел тап-таза болды. Жерлестеріміз енді бұл аумақтарда қоқысты бей-берекет тастамайтынына сенгіміз келеді, – дейді «Өркен» ЖШС «Өркен-Атасу» өкілдігі өндірістік бөлімінің бастығы Нұртай Омаров.
Сол күні қалалық мекемелер мен бөлімдердің ұжымдары сенбілік аясындағы ортақ мүдделі іске біркісідей қатысса, тұрғындар өз үйлерінің маңайы мен аулаларын ретке келтірді.
Бұл, әрине, бәтуалы әрекеттердің бастауы ғана. Алдағы уақытта өңірді абаттандыруға байланысты түзілген кешенді жұмыстар жоспары өз кезегін күтіп тұр.
ҚАРАЖАЛ қаласы.