АймақШет

Алғыс – жүректен

Шет ауданында көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблея­сының 30 жылдығы және «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай «Алғыс – жүректен, бірлік – мәңгілік» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Мерекелік шараға ауданның аға-буындары, дәнекерлеуші, теміржолшы, медицина саласының ардагерлері мен халықаралық, республикалық дәрежедегі жүлдегер жасөспірімдер мен олардың тәлімгерлері және ата-аналары қатысты. Кездесуде сөз алған аудан әкімі Мұхит Мұхтаров барша қонақтарды мерекемен құттықтап, жүрекжарды алғысын білдіріп, сый-сияпат жасады.

Сурет аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен

– Бүгін үш мерекені қатар атап өтіп жатырмыз. Алғыс айту күні – тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына ризашылығын білдіру арқылы бір-бірімізге деген құрметіміз бен сыйластығымызды арттыратын күн. Сонымен бірге, көктемнің алғашқы күні – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Қай кезде де жабырқағанның жанына жалау болып, мұңайғанның маңдайынан сипап, қиналғанды құшағына қысқан қазақ халқы – әлемдегі ең бауырмал халық екенін өзіміз ғана емес, өзге де мойындай бастағаны ақиқат. Бүгінгі тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған барша ұлт пен ұлыстың берік бірлігі мен тату тірлігі – Қазақстанның басты жетістігі. Үшіншіден, біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы». Баршаңызға ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлес­теріңіз үшін алғыс айтамын, – деді аудан басшысы Мұхит Мұхтаров.

Сонымен қатар, аудан әкімі Алғыс хатпен және бағалы сыйлықтарды Ақсу-Аюлы ауылының тұрғыны, зейнеткер Сайлаубек Омарбекке, Ақадыр кентінің тұрғыны, зейнеткер Надежда Ковалеваға, Красная Поляна ауылының тұрғыны, зейнеткер Елена Улановаға, «Алтын түлек» республикалық математика пәні бойынша олимпиада жүлдегері, Ю.Гагарин мектебінің оқушысы Айбибі Мұсахметоваға, математика пәні бойынша респуб­ликалық жобалар конкурсының жүлдегері Батырхан Алпысбайға, ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық байқаудың жүлдегері, Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектебінің оқушысы Асылжан Қойқатовқа, физика пәнінен республикалық байқаудың жүлдегері, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Ерасыл Игілікке, республикалық физика, математика пәндерінен олимпиада жүлдегері, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Ислам Құрманбайға, қазақ күресінен кіші жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпиондары Ерсұлтан Ішікбай мен Ибрахим Алтаевқа, республикалық «Бала жұлдыз» өнер байқауының жүлдегері, С.Мұхамеджанов атындағы балалар өнер мектебінің вокалисті Аялы Амановаға, респуб­ликалық «Біз – Отанның ұланымыз» байқауының жүлдегері, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Нұрмұхаммед Талғатбекке, сондай-ақ жеңімпаздардың тәлімгерлері мен ата-аналарына табыстады.

Мерекеге келген қонақтар да елеп-ескеріп жатқан жандарға өз алғыстарын жеткізді. Кеш соңында аудан тұрғындары елдің өркендеуі мен бірлігіне қосқан үлестері үшін ардагерлерге, еңбегі сіңген азаматтарға және жас буынға алғыстарын айтып, батасын берді.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Шет ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button