Жаңалықтар

Алғашқы ұстаз

Алғашқы ұстаз… Имене басып мектеп табалдырығын аттаған кезде алғаш сені мейіріммен қарсы алған адам. Алғаш қолыңа қалам ұстатқан адам. Алғаш санаңа білім нәрін сепкен адам. Ол әр адамның санасында мәңгілік сақталатын, әрі өмірінің соңына дейін бас иіп өтетін ардақты да, қасиетті тұлға. Менің де өмір бойы басымды иіп өткен алғашқы ұстазым бар еді… бойындағы бар жылуын алдына келген мен секілді кішкентай шәкірттерінің жүрегіне ұялатып, бар білгенін санама құйып, үш жыл бойы жаныма жақын адамға айналған алғашқы ұстазым есімнен кеткен емес. Оның орыны бөлек еді. Оқыдым, өстім, қызмет қылдым. Күнде көріп, хал-жағдайын білмесем де, ол менің жүрегімде еді. Газет бетіндегі қазанаманы көріп, жүрегім езілді. Бара алмадым. Бір уыс топырақ сала алмадым. Себебі, алғашқы ұстазымның бақилық болғанын кеш естідім. Әттең… өмір ғой.

Әкем Мұқатай 1971 жылы 1 қыркүйекте алғаш мектепке жетектеп әкеліп, Әзиза Нағашбаеваның қолына тапсырып тұрып, «еті – Сіздікі, сүйегі – менікі. Балама қара танытып, білімді етіп шығарады деп Сізге сеніп тапсырып тұрмын» деп еді. Алланың әмірімен, әкем 3-ші қыркүйекте бақилық болды. Жалған дүниедегі уақытының аз екенін сезді ме, қайран әке! Сол бір әкемнің ұстазға деген сенімі, маған деген үміті менің әке алдындағы, ұстаз алдындағы жауапкершілікті сезінуіме зор ықпалын тигізді. Бір сыныпта 40 оқушы болдық. Әрқайсымызды бауырына тартып, бар білгенін үй- ретуден жалықпады. Барлығына бірдей қарап, мейірленуші еді. Менің өсіп, оқып, жетілуіме ұстазымның сіңірген еңбегі зор. Білімді, байсалды Әзиза Нағашбаеваның тұлғасы ұстаз деген ұғымның қашанда биік екенін көрсетті. Алдына келген мен секілді шәкірттерінің бақытын аялап, өз уақытын аямай, маңдай терін төге еңбек еткен аяулы алғашқы ұстазымның әрбір айтқан ақылы менің жадымда сақталып қалды. Үнемі «біреудің ала жібін аттама, өтірікке әуес болма, әкенің аманатын ақтауда абыройлы бол» деуші еді. Әр шәкіртінің адамдық қалпын жоғалтпауына, сапалы білім мен қатар тәлімді тәрбиені де санамызға сіңірді.

Әзиза Нағашбаева 1932 жылы туған. Қарқаралыдағы педучилищені 1950 жылы бітіріп еңбекке араласады. Қаладағы №1 қазақ орта мектебіндегі бастауыш класс мұғалімі Әзиза Нағашбаева ауданымыздағы тәжірбиелі, озат ұстаздардың бірі болды. Көп жылғы еңбегі еленіп, Ы.Алтынсарин атындағы медалі, 1972 жыл Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері атағына ие болды.

Әр өткізген сабағынан өмірлік нәр алып отырдық. Сол кездері өз қолымен жасаған дидактикалық материалдары бізге ерекше оқуға деген талпыныс пен жігер сыйлайтын еді.

Алтын ұя мектепке тарыдай болып кірген бізді, таудай азамат болып шығуымызға еңбек еткен, ер- келігіміз бен тентектігімізді көтеріп, жақсымызды асырып, жаманымызды жасырып, үлкен өмірге қанат қағуымызға еселі еңбек еткен Әзиза ұстазымның таланты, біліктілігі мен жауапкершілігінен бөлек адами қасиеті басым еді. Бәрі-бәрі әлі күнге дейін көз алдымда…Анам маған жарық дүние сыйласа, екінші анам, рухани анам, алғашқы ұстазым Әзиза Нағашбаева мені «Өмір» атты үлкен мектепке дайындады. Маған өмірлік бағыт-бағдар берді. Менің өмірде аңдап басып, ақылды болуыма, адам болуыма, азамат болуыма еңбегін сіңірді. Кездескен кезде «Әкенің аманатына адал болдың! Әркез абыройлы бол!» деп айтушы еді.

Ардақты ұстазым, аяулы ұстазым! Сіз бақилық болсаңыз да, жарқын бейнеңіз жадымызда. Айтқан сөздеріңіз санамызда. Алдыңыздан өткен жүздеген шәкіртіңіз бар да, Сіз мәңгіліксіз. Сіздің маңдай тер, еселі еңбегіңіздің алдында басымды иемін. Сіз секілді ұлағатты ұстаздан білім алғанымды мақтан тұтамын әрі сеніміңізге селкеу түсірмеуді өзімнің шәкірттік парызым деп білемін.

Жатқан жеріңіз жайлы, қабіріңізге Алланың нұры жаусын!

Шәкіртіңіз Халел МАҚСҰТОВ,

Қарқаралы ауданының әкімі.

Басқа материалдар

Back to top button