Covid-19Ұлытау

Алғабастағы ахуал алаңдауға негіз болды

Атам қазақтың «…бәле жоқ деме бөрік астында» деген нақыл сөзінің мәні мен маңызы бүгінгідей індет іргеге келіп, кәдімгідей қатер төндіріп тұрған кезеңде бұрынғыдан да өзекті бола түскен секілді. Оның қай облысқа, қай өңірге болсын қатысы бары күмәнсіз. Соңғы бір апта мұғдарында Ұлытау ауданының Алғабас ауылдық округінде орын алған эпидемиологиялық жағымсыз жағдай қауіпті кеселдің қатаң талаптарды ескермей, қамсыз жүрген жандардың өзіне ғана емес, өзгеге де зиян тигізетінін тағы бір мәрте айғақтап берді.

Елді елең еткізген оқиғадан соң іле-шала аудан әкімі Советбек Медебаевтың басшылығымен жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде мәселенің мәнісі айқындалып шыға келді. Аталған ауылдағы бюджеттік мекеменің бір қызметкері 21 наурыз күні ұлымен бірге, азық-түлік алу мақсатымен Сәтбаев қаласына сапарлайды. Сонда жүргенде өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Қолма қол алынған ПТР тест оң нәтиже көрсетіп, дереу Жезқазғандағы инфекциялық ауруханаға жатқызылады. Ал оның ұлы жоспарлы шаруаларын тындырып, сол күні ауылға оралады. Ағзасында коронавирус инфекциясы бар әлгі кісі отбасы мүшелеріне дерт жұқтырған. Содан кейін олармен тығыз қарым-қатынаста болған тағы бес адамның бойында кесел бары анықталады.

Облыстық жедел әрекет ету штабының тапсырмасына сәйкес, 3-ші сәуірде жоғарыда аталған сырқат жандармен тығыз қарым-қатынаста болуы мүмкін ауылдастары мен отбасы мүшелерінен, нақтылай түссек, 100 адамнан ПТР тест алынып, сарапталады. Нәтижесі он үш отбасындағы 25 кісінің инфекцияға шалдыққанын растап береді. Сонымен, ауырған адамдар саны 34 адамға жетеді. Олардың үйіне жергілікті әкімдік, мектеп және клуб ғимараттарына дезинфекция жасалып, сырқаттар Сәтбаев қаласындағы инфекциялық ауруханаға жеткізіледі. Бұлармен байланыста болған 21 адам анықталып, үй жағдайындағы оқшаулауға жіберілді. Кеше ПТР тест сараптамасы алынды, енді нәтижесі күтілуде.

Қазір Ұлытау ауданы – «қызыл аймақта». Осы орайда, 4-ші сәуір күні Ұлытау ауданы бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Алғабас ауылында шектеу шараларын күшейту туралы» №2-Қ қаулысы қабылданғанын айта кету керек. Қаулы талабына сәйкес, бұл ауыл карантинге жабылып, сыртқы аумақтармен байланыстыратын көлік жолы бойына санитарлық бекет орналастырылды. Мектеп оқушылары онлайн оқу режиміне көшірілді.

Аудан басшысы жедел жиын өткізіп, нақты міндеттер мен талаптар қойды. Соның аясында нақты атқарылуы тиіс шаралар тізбегі белгіленді. Оның ішінде, ауыл дүкендерін қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету, жанармайдың жеткілікті болуы мәселесі де қамтылды.

Мұндай сәтте қайырымдылық шараларына ұйытқы болушылар мен оларға іс-әрекетімен қолдау көрсетушілер қатарының арта түсуі – біздің қоғамға тән құбылыс.

– Ағайынның мұңын сейілтіп, мұқтажын өтеу мақсатында жеке кәсіпкер Гүлжазира Кокшина бастамашы болып, Алғабас ауылындағы аз қамтамасыз етілген, көпбалалы он екі отбасына күнделікті сұранысқа ие азық-түлік өнімдері (ұн, макарон, қант, сүт және тағы басқалары) жеткізіліп берілді. Сауабы мол іске аудан орталығындағы «Малика», «Дана», «Сыбаға», «Назерке» және «Береке» дүкендерінің иелері ерікті негізде өз үлестерін қосты. Бүгінгі күні карантинге жабылған ауылда қандай да бір қажеттілікке қатысты туындап отырған сұраныс жоқ. Қабылданған пәрменді шаралар ауылдағы ахуалдың жақсаруына дәнекерлік етуі тиіс, – дейді аудан әкімінің орынбасары, коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл қою жөніндегі аудандық жедел әрекет ету штабы төрағасының орынбасары Бағдат Байжантаев.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ,

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button