Білім

Айтары көп «Отбасы сағаты»

Елімізде жасөспірімдер қылмысы жылдан-жылға көбеймесе, азаяр емес. Мәселен, Қарағанды облысында кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыс 43%-ға жоғарылаған. 2022 жылы 21 қылмыс, биыл 30 қылмыс тіркелген. Әдетте, отбасында дұрыс тәрбие алмаған балалар қылмысқа барады. Кәмелетке толмаған балалар құқық бұзса, өзгеге залал келтірсе, ата-анасы айыппұл арқалайды.

Осы және өзге де мәселелер Қарағанды қаласындағы №1 гимназияда білім басқармасының басшысы Г.Қожахметованың төрағалығымен өткен облыстық жалпы ата-аналар жиналысында айтылды.  

Бала тәрбиелеудегі ата-ана ролі

Жалпы ата-аналар жиналысына қалалық, аудандық білім бөлімінің басшылары, мектеп директорлары мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар комитеті, мектептердің қамқоршылық кеңесінің мүшелері және ата-аналар қатысты.

– Облыстық «Отбасы сағаты» жобасы аясында дәстүрге айналған ата-аналар жиналысы биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын сақтау және «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 409-бабы бойынша ата-аналарды жауапкершілікке тарту жөнінде ақпарат беріледі. Баршаңызға белгілі, Петропавл қаласындағы мектептердің бірінде болған оқиға салдарынан үш бала жарақат алды. Енді осындай жағдай біздің өңірде болмас үшін білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті күшейтудеміз. Сонымен қоса, жиналыста балалар арасындағы қылмыс, құқықбұзушылық, ата-ананың бала тәрбиесіндегі ролі, қылмыс жасаған балалардың ата-анасына заң жүзінде айыппұл салынатыны туралы хабардар етпекпіз, – деді жиында сөз бастаған облыстың білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.

Аталған жиында Полиция департаментінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы Факизат Төлтаева білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік туралы сөз қозғап, ата-аналар назарына балалар қауіпсіздігіне баса назар аудару қажет екенін еске салды.

– Білім беру ұйымдарында тексеріс барысында бейнебақылау жүйелерінің жарамдылығына, олардың техникалық сапасына, бейнелердің сапасына, жазбалардың сақтау мерзіміне, турникеттердің дыбыстық хабарлау жабдықтарына, дабыл сигналдарының, террористік қауіп бойынша оқшаулау іс-әрекетінің ақпараттық болуына ерекше назар аударылды. Оқу орындарында оқушылар арасында суық қару алып жүру фактісін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 25 мамырдағы № 235 бұйрығында Білім беру ұйымдарына және олардың аумақтарына әкелуге тыйым салынған, оларда пайдаланылуы шектелген нәрселер мен заттардың тізбесі бекітілген. Тыйым салынған заттарға суық қару, оның ішінде травматикалық, газды, дабыл беру құралдары; екіншіден, шаншитын, кесетін, тесетін, лақтыратын заттар; үшіншіден, оқ дәрілер, жарылғыш және тез тұтанатын заттар, химиялық және улы заттар; төртіншіден, темекі бұйымдары, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдар, кальянға арналған темекілер жатады. Бесіншіден, интернет желіге қосылған ұялы телефондар, алтыншыдан, дәрі-дәрмектер тек дәрігердің рұқсатымен енгізілген. Балалар арасында тізбедегі тыйым салынған заттарды алып жүретіндері кездеседі, – деді Факизат Төлтаева.

Аға инспектор ата-аналарға балаларын сабаққа жіберер алдында тыйым салынған заттарды мектепке апармауын қадағалауды ескертті.

Ата-ана қай кезде айыппұл арқалайды?

Балалар арасында қоғамдық ұйымдарда, білім беру мекемелерінде темекі өнімдерін пайдалану фактісі тіркелді. Мұндай жайт ҚР әкімшілік құқық бұзу кодексінің №441 бабында қарастырылған. Заң бойынша кәмелет жасқа толмаған балалар білім беру орындарында темекі өнімдерін тұтынатын болса, ата-анасына 3АЕК айыппұл салынады. 1 айлық көрсеткіш – 3450 теңгеге тең. 2-бөлігі бойынша мектептерде темекі шегу фактісі 2-3-тен жоғары болатын болса, айыппұл көрсеткіші 6 айға дейін көрсетілген.

2022 жылы оқу орындарында бомба орналасқаны туралы 14 факт тіркелген. Тексеру барысында төрт оқушы жалған дабыл қаққаны анықталды. Полиция департаментінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы Факизат Мұқанқызы қоғамдық дүмпу тудыратын мектептегі баланың орынсыз қылығы үшін ата-аналарға үлкен көлемде айыппұл салынатынын жеткізді.

«Ата-аналар, кәмелетке толмаған балалардың жалған дабыл бермеуін ескертсеңіздер. Мұндай ойын соңы жақсылыққа апармайды. Дәл сол уақытта қаншама адам көмекке мұқтаж болуы мүмкін…», деді Факизат Төлтаева.

Ата-аналарға әкімшілік құқық бұзу кодексінің 438-бабына сәйкес айыппұл салынады. Бірінші жағдайда 30 АЕК болса, екіншісі 60 АЕК көлемінде.

Бұдан бөлек, Қарағанды қаласының кейбір ірі сауда үйлерінде Қарағанды мектептері мен колледждердегі білім алушылар арасында жастардың топталып жүруі байқалатынын айтты аға инспектор. Бірақ құқықбұзушылық анықталмаған. «Жастарды әсіресе, діни сектаға интернет желісі арқылы тартады. Сондықтан да, баланы үнемі қадағалаңыздар», – деп ескертті Факизат Төлтаева.

Жасөспірімдер қылмысы көбейген

Кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыстар 43 пайызға жоғарылаған. 2022 жылы 21 қылмыс, биыл 30 қылмыс тіркелген. Соның ішінде, балалардың мүлік ұрлауы жиі кездесетін көрінеді. Жасөспірімдер арасындағы денсаулыққа аса ауыр дене жарақатын келтіру және жыныстық қатынастың болуы секілді қылмыстар да кездеседі. Бұдан бөлек, есірткі затын қолдану және тарату бойынша екі қылмыс тіркелген. Оқушылар түнгі уақытта жүргені үшін 698 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. 35 ата-ана айыппұл төлеген, 20 ойын-сауық орталығына әкімшілік хаттама толтырылған. Мұның ең негізгі себебі – ата-ананың тәрбиесінде екені айтылды.

Сонымен қатар, облыстың білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Шынар Ақпарова Білім саласындағы заңнамада көзделген ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің өз міндеттерін орындамағаны үшін департамент қабылдайтын әкімшілік шаралар туралы баяндады.

Жиын соңында ата-аналар спикерлерге сауалдарын жолдады.

– Бала – болашағымыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Бала қоғам өміріне араласқанда үйде берілген тәрбие өмір бойы азық болады. Ең маңыздысы – ата-ананың тәрбиесі. Кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігі үшін ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу маңызды, – деді жиын соңында облыстың білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button