Поэзия

АЙНЫМАЛЫ ТІРШІЛІК

Өмір Кәріп әдебиетіміздегі көшбасшы прозашылардың бірі. Оның қаламынан туындаған ұлттық қанық бояулы шығармалары әлі өз бағасын толық алып болған жоқ. Өмекең жақында ғана Абылайхан жөніндегі көлемді шығармасын бітірді.

Өмір ағамыз әдебиет өлкесіндегі алғашқы қадамын тәтті жырларымен бастаған. Сол дәм әлі кетпеген екен. Оған мына өлеңдері куә.

Қаламдас інісі Төрехан МАЙБАС.

Өмір КӘРІП

ӨЛЕҢ

Өлеңді көп жазбаймын,

Сілесі өтіп кетер деп.

Жыр кенін аздап барлайын,

Кеңшілік етіп кешер деп.

Бала кезден сырлас боп,

Өзіңе шерттім мұңымды.

Ақындарды тыңдап көп,

Ширата түстім жырымды.

Өлеңнің ұйқас- көгені,

Көгенсіз қозы жамырақ.

Ырғағы қатар келеді,

Екпіні күйдей сазы бап.

Бәрінен де ой керек,

Ысқаяқ сөзбен сиыспас.

Желдіртіп кетсең термелеп,

Боп шығады құр ұйқас.

Жалғандық жоқ ісімде,

Жан сырым осы шын ізгі.

Кетпесін деп ішімде,

Өлеңге қостым сырымды.

СОҚПАҚТАР

Арқандай шірік күн жеген,

Соқпақтар тозып таусылар.

Тоқталып бір де көрмеген,

Бізге де тыным бар шығар.

Сапарға шықсам жол серік,

Бағдаршым едің қашаннан.

Ұмтылып алға белсеніп,

Қалмай да жүрдім қатардан.

Өзіңмен жарқын жылдарым,

Арманға көшті бастадың.

Бөгесіндер мен бөгетті,

Жолымнан серпіп тастадың.

Ентелеп шықтым тауға да,

Көлге де қайық жүздірдім.

Қасымнан қалмай қайда да,

Алдымды нұсқап бір жүрдің.

Ғұмырыммен еншілес,

Өзіме тән соқпағым.

Асылық етсем мені кеш,

Тоқырадым, тоқтадым.

ДҮР ҚАЗАҚ

Бар қазақ –бір қазақ,

Кең қолтық дүр қазақ.

Қасынан досы көп,

Халықпыз бір ғажап.

Достықпен сыналған,

Мейманын құп алған.

Дос тұрмақ дұшпанын,

Төріне шығарған.

Алдына ас қойған,

Құрметтеп бас қойған.

Қас болып келгендер,

Достасып аттанған.

Кеңпейіл даладай,

Ақ көңіл баладай.

Батагөй аңқылдақ,

Қарттары данадай.

Төзімнен нәр алған,

Шыдамнан жаралған.

Қазақтың аруы,

Ақ таңы ақ арман.

Шынардай шыңдағы,

Қарысып сынбады.

Намыстан жаралған,

Қазақтың қыздары.

Ананың құрсағы,

Ырымдап тұмсаны.

Болсын деп тілеген,

Жігіттің сұлтаны.

Жар бол деп жасаған,

Қалдырмай батадан.

Төлбасын атасы,

Ербол деп атаған.

Халықпыз сөз қонған,

Тілегі ем болған.

Содан да ұлдары,

Шетінен ер болған.

Әр ісі кәделі.

Тұп -тұнық әлемі.

Ішіңді ерітеді,

Жып-жылы сәлемі.

Құшаққа алады,

Суыңды табады.

Дос тұрмақ қасына,

Түйілмес қабағы.

Жөнсізден қашықпыз,

Білмекке асықпыз.

Дүниеде кім сұлу,

Бәріне ғашықпыз.

Халықпыз қаугөрік,

Азырақ бар желік.

Ат мініп сапарлап,

Жүретін сар желіп.

Сол желік қанда бар,

Күмбір күй, әнде бар.

Жөні жоқ қазақтың,

Өзгеден кем қалар.

Елміз біз мәңгілік,

Санада бар білік.

Қазақтың жерінде,

Атады таң күліп.

Таулары жырға бап,

Сыр шертер бір ғажап.

Бұлқынар бұлақтар

Күлкіңді ұрлап ап

Даласы гүл өңді,

Сұлудай іреңді.

Қазақтың өзіндей,

Өзендер мінезді.

Екпіндеп ағады,

Жеміріп жағаны.

Бөгесін –бөгетті,

Төңкеріп салады.

Құт мекен жер жүзі,

Ұғып ал, сен, мұны.

Даладан ауысқан.

Қазақтың кеңдігі.

Исләмият дініміз,

Содан да іріміз.

Пайғамбар үмбеті,

Алланың құлымыз.

Бабалар аруағы.

Қолдады, қорғады.

Рухы жебейді,

Демесін ол дағы.

Жер де кең,ел де кең,

Кілемдей гүл белең.

Даладай аңқылдақ,

Қазақпыз біз деген.

ШАБЫТ

Жүректе отым кеміп,

Желге ұшып жетім желік.

Шабытым тасырқады,

Шабан ат секілденіп.

Коңыр күз қысқа айналды,

Көңіл пәс жұтқа айналды.

Сан өлең ойда жүрген,

Бұғынып шықпай қалды.

Өзгелер не біледі,

Өзіме керім еді.

Кеудемнен үркіп ұшып,

Кеткендей көрінеді.

Не жетсін жанатыма,

Сан жетпес бағасына.

Ілініп кеткен шығар,

Құстардың қанатына.

АРТЫҚ

«Бақаның бағынан,

Сұңқардың соры артық».

Патшаның тағынан,

Қара қос көп артық.

Опасыз жолдастан,

Ақылды қас артық.

Жылтырақ темірден,

Қайырлы тас артық.

Бақкүндес жақыннан,

Жөн білген дос артық.

Қадырсыз кәріден,

Жол білген жас артық.

Арзанға түсетін,

Жібектен бөз артық.

Сүйсініп ішетін,

Сатусыз көже артық

Көпірме мылжыңнан,

Жақсының сөзі артық.

Үйкүшік ездерден.

Кәрінің өзі артық.

Жалаңаш таулардан,

Бүргенді бел артық.,

Еріксіз еңістен.

Ырықты өр артық.

Бұлыңғыр күндізден,

Жұлдызды түн артық.

Жүз күндік тікеннен,

Бір күндік гүл артық.

Басшысы ақылды,

Бірлікшіл ел артық.

Шулыған заманнан,

Тып-тыныш көр артық.

Ақ сарай бейіштен,

Күркенің өзі артық.

Жалғанның жарығы,

Бәрінен сол артық.

ТЫНАРСЫҢ

Сыңғырлап аққан ақ бұлақ,

Сырыңа сенің қанықпын.

Бұрала ағып шапқылап,

Жылғаға жетіп табыстың.

Көлге де ынтық болмадың,

Өзенге де жетпедің.

Тірліктің аңдап жалғанын,

Бұйығы өтті көктемің.

Сағыныш зарын тартсаң да,

Жарыққа сонша құмарсың.

Ағысың тоқтап ақ таңда,

Бір күні сен де тынарсың.

КӘРІ АҒАШ

Мәуелейді жас ағаш,

Ұшар басын күн шалып.

Шерленеді кәрі ағаш,

Жас өскінге мұң шағып.

Ақ балтырлы кешегі,

Көк желекті ақ қайың.

Ғұмырдың осы есебі,

Жоғалтып алған жас шағын.

Жапырақтары селдіреп,

Қабығы оңып бозарған.

Шағады мұңын елбіреп,

Жас өскінге қабарған.

Ақын ем мұңлы, шерменде,

Кернеген бойды жыр ағын.

Алладан пәрмен келгенде,

Қуарып мен де сынармын.

ТЫРНАЛАР

Демесіндеп арай күн,

Телміріп көкке қараймын.

Керуен тартқан түстікке,

Жыл құстарын санаймын

Қашаннан үйір жырға мұң,

Арманмен өтті жылдарым.

Жүректі мытып жіберді,

Аз ғана тобы тырнаның.

Жат қақпаны күзетіп,

Жоқтан барды жыр етіп.

Мазасыз өткен күндерім,

Тырнамен кетті ілесіп.

Тырналар, қайран тырналар,

Көңілім пәс жырға зар.

Жолыңды тосып мен жүрмін,

Жетер ме деп тың хабар.

К Ә Р І Л І К

Кәрілік жетті ентігіп,

Ілес дейді соңыма.

Қажетсіз деп артық жүк,

Ұстатты таяқ қолыма.

Есіме түсіп өткенім,

Әр неге көз талдырдым.

Жастық шағым көктемім,

Қай жұртта сені қалдырдым?

Сыйласар дос менде жоқ,

Сырласар жан қалмады.

Араны ашып дүние-боқ,

Жаншыды тірлік салмағы.

Кінәмшіл келер кәрі адам,

Дейтіні бар-ау: «Шал деме!»

Аумаймын жас баладан,

Қитыға түсем әр неге.

Өкпем таудай жолдасқа,

Заманды да жазғырдым.

Біз шырқаған ән басқа,

Даңғырадан мәңгірдім.

Табиғат заңы – шара жоқ,

Дауасы жоқ кәрілік.

Кірмеген есі бала боп,

Сөзімнен қалам жаңылып.

Өте шықты жас дәурен,

Желдетіп жауған жаңбырдай.

Шығыспай доспен, жастармен,

Кеткенім жөн-ау алжымай.

ТАҒЫЛЫ

Тағылы, биігіңе шыға алмадым,

Іштегі шер-налаңды ұға

алмадым,

Тұрасың қашан көрсем қоңырайып,

Бардай-ақ жанды жеген бір

арманың,

Еске алып шерленерсің өткеніңді,

Кезінде ынтық еткен көкте күнді.

Тағының ойнағы едің бір заманда,

Жоғалтып алғансың-ау көктеміңді.

Егізің – Бұғылының көңілі пәс,

Кеудесін көтертпейді зіл қара тас

Сағынып тау еркесі бұғыларын,

Төгілер мөлт-мөлт етіп көзінен жас.

Кезеңге душар болдық тау жылаған,

Таулардың қайғы-шері ауды маған.

Арқары Тағылының тасқа айналып,

Сұлбасы елес болып қаудыраған.

Төлеутай аз арқарды күзетіп жүр,

Дірдектеп табанынан сыз өтіп жүр.

Төндірген төбесінен тікұшақты,

Аң қоймас еріккендер жүдетіп жүр.

Арқарсыз тау да жетім, біз де жетім,

Сөз еттің деп жүрмеңдер мұның

несін.

Аяймын тау күзеткен Тілеутайды,

Құлжаның кие тұтқан құдіретін.

(Тілеутай Смағұлов кәнігі қарт аңшы)

ӨКТЕМДІК

Сәттілік-ай, жеңістерге бастаған,

Атың озып аламанда ақ табан.

Қанат бітіп көкке шығып көңілің,

Сәттер қандай қаумалаған

дос-жаран.

Жеңіп тұрып жеңілгенді көп көрдік,

Жеңілісті керт бастан да өткердік.

Мес торымен қой соңында жүрсең де,

Қыр соңыңнан бір қалмайды

өктемдік.

Өктемдерден құтылмайсың тірлікте,

Арқа тұтып сүйенеді -ау бір күшке.

Жазғаныңды сынап –мінеп тастайды,

Сәті түсіп ойда жоқта жыр бітсе.

Өктем кеуде көре алмастың сыңары,

Қаскөйлердің көргіш көзі, құлағы.

Өктемдерден шеккі көрсең сен егер,

Есіңе алғын жаратушы құданы.

Шірік бидай кез болады сорлыға,

Ұры-қары өш келеді жарлыға.

Өктемдердің күні қараң болады,

Жаратқанның барған кезде алдына.

КӨЗІМ ЖЕТТІ

Көзім жетті, қарау дос боп жарытпас,

Жылмаң-жытқыр опа бермес балық

бас.

Байқаусызда жарға итеріп жіберер,

Кіммен болсын байқап-байқап

қолтықтас.

Көзім жеткен, жалған достан

қашық жүр,

Көңілшексіп оған әсте айтпа сыр.

Жаны жайсаң жақсыларға не

жетсін,

Опалы дос жауға бермес нағыз дүр.

Көзім жетті, құлқын бәрін билейді.

Тесік тамақ тойымдықты білмейді.

Періште боп жаралмаған пендеңіз,

Көре алмайды бірін-бірі күндейді.

Көзім жетті, тән ашқарақ, жан

жұмыр,

Адамшылық айдалада мәңгіп жүр.

Ашпа-жалап ашқарақтан безініп,

Қанағатшыл әр ауылда қаңғып

жүр.

НАМЫС

Қанат ИCЛАМҒА

Намыстың оты алаулап,

Жалыны шалқып жатқанда.

Көрпемді шапшаң серпіп қап,

Сілкініп тұрдым ақ таңда.

Телеарнаға телміріп,

Шайқасты бағып отырмын.

Есім қалмай еліріп,

Додаға мен де қосылдым.

Жарқырап шықты Қанатжан,

Жанарым нұрға малынды,

«Жар бола көр жаратқан,

Сындыра көрме сағымды.»

Уытты еккен қарсылас,

Бойда жігер күші бап.

Жеңіліп қалар ма екенбіз?

Масқара жайға ұшырап.

Бақталас оңай болмады,

Қабақты жарып тастады.

Жеңісті сәт қолдағы,

Сусып түсе бастады.

Екі мықты ұстасты,

Шаршы алаң терге малынды.

Қанаттың сәтте күші асты,

Тырапай асты арынды.

Дәл тиіп жойқын соққысы,

Мықтыны естен тандырды.

Бабамның жебеп ақ құсы,

Бойыма жігер әл кірді.

Жеңісіңді құп алдым,

Дүйімге жетті дабысың.

Аспанға бір-ақ шығардың,

Қазақтың бұла намысын.

ТІРШІЛІК

Біреулерді бар қылып,

Алшаңдатқан тіршілік.

Бейнетқорды сорлы қып,

Қалтаңдатқан тіршілік.

Қарауларға бақ беріп,

Көлдей қылған тіршілік.

Жүнін жығып кедейдің,

Шөлдей қылған тіршілік.

Жетімді де жеткеріп,

Жетілдірген тіршілік.

Барды сәтте жұтатып,

Өкіндірген тіршілік.

Бір қалыпта тұрмайтын,

Айнымалы тіршілік.

Бәрінен де қайырлы,

Аллаға деген құлшылық.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button