Аймақта өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілуде
Қарағанды облысында өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу жұмыстары күшейтілді. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста өрт қаупі бар маусымға дайындық мәселелері талқыланды.

Облыстың ТЖД мәліметінше, әрбір ауданда мобильдік топтар құрылып, олардың құрамына құтқарушылар, полицейлер және орман шаруашылықтарының өкілдері кірген.
Барлығы 1 390 адам, 313 техника мен қажетті жабдық өртке қарсы күрес жүргізуге дайын. Орман алқаптарына іргелес жатқан аумақтарға ерекше көңіл бөлінеді. Онда 6 елді мекен, 4 лагерь, 20-дан астам демалыс аймағы және 90-ға жуық саяжай кооперативтері орналасқан.
– Облыста 57 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Бүгінде көп нәрсе өртті ерте анықтауға байланысты, сондықтан ұлттық парктер мен орман шаруашылықтарын ерте анықтаудың сандық жүйелерімен жарақтандыру қажет, – деді ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев.
2025 жылға арналған орман өрттерінің алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.
Алты орман өрт сөндіру станциясы салынды.
Билік халықты сақтық шараларын сақтауға және құрғақ шөпті өртемеуге шақырады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық бағыттар бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.
– Өрт үнемі дайындықты және жедел әрекет етуді талап етеді. Қауіп-қатерлерді азайту үшін тұрақты негізде рейдтер ұйымдастыруды, материалдық-техникалық базаға ревизия жүргізуді және өртке барынша бейім жерлерде – орман және орманды дала алқаптарында қосымша бақылау бекеттерін қоюды тапсырамын. Ауыл шаруашылығы құрылымдары табиғи өрттiң таралуын және мемлекеттiк орман қорына көшуiн болдырмау үшiн шабындық жерлердiң айналасында минералдандырылған жолақтар құруға мiндеттелсiн. Ең бастысы – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді облыс әкімі.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.