АймақБас тақырыпҚарағанды

Qarmet-тің жаңа өндірістік кешені жылына 540 мың тонна өнім шығарады

Qarmet компаниясының жаңа сұрыпты прокат станының құрылыс алаңында ауқымды жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Заманауи технологиялармен жабдықталатын өндірістік нысан кәсіпорынның сұрыпты прокат өнімдерін шығару көлемі мен ассортиментін кеңейтуге жол ашады.

Суреттер Qarmet

Жоба Qarmet компаниясы мен CERI компаниясының бірлесуімен жүзеге асырылуда. CERI инжиниринг жұмыстарын, жабдықтарды жеткізуді, монтаж барысын қадағалауды және құрылыс-монтаж жұмыстарын атқаруда. Бүгінгі таңда жобаның инжиниринг бөлігі 70%-ға, ал жабдықтарды дайындау 60%-ға орындалған.

Жаңа сұрыпты прокат станының қуаттылығы жылына 540 мың тонна өнімді шығарады. Заманауи жабдықтар өндірістік процестің тиімділігін арттыруға, өнім түрлерінің аясын кеңейтуге және құрылыс, инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік нысандарға арналған жоғары эксплуатациялық сипаттамалары бар арматура түрлерін шығаруға мүмкіндік береді.

Құрылыс алаңы барлық қажетті материалдармен және конструкциялармен қамтамасыз етілген. Бұл бірнеше бағытты, атап айтқанда жерді дайындау, ғимараттар мен технологиялық жабдықтарға арналған іргетастарды салу, сондай-ақ болашақ кешеннің көтергіш металдық конструкцияларын құрастыруға мүмкіндік береді.

– Бүгінгі таңда жер жұмыстарының негізгі бөлігі орындалды: 37 мың текше метрден астам топырақ дайындалды, бұл жалпы көлемнің шамамен үштен екісі. Іргетастарды бетондау да қарқынды жүргізілуде: 4,6 мың текше метрден астам бетон құйылды, бұл жоспардың шамамен 40%-ын құрайды. Сонымен қатар болашақ кешеннің металл қаңқасын құрастыру басталды: 400 тоннадан астам конструкция орнатылып, құрылыс-монтаж жұмыстарының келесі кезеңіне негіз қаланды, – деді жоба мамандары.

Жаңа сұрыпты прокат станының құрылысы Qarmet компаниясының кешенді жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі және қосылған құны жоғары өнім өндіруді дамытуға бағытталған. Жаңа нысан компанияның өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, сұрыпты прокат ассортиментін кеңейтуге және Қазақстанның құрылыс саласын сапалы отандық металл өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жобаның ерекше маңызы жаңа арматура түрлерінің дамуына байланысты. Бұған дейін Qarmet жауапты құрылыс және инфрақұрылымдық нысандарда қолдануға арналған А500СЕУ класындағы арматура өндіруге сертификат алған. Алдағы уақытта жаңа стан іске қосылғаннан кейін А1000 сияқты жоғары берікті арматура түрлерін игеру мүмкіндігі артады. Бұл өнімдер күрделі инженерлік, өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық нысандарда, соның ішінде атом электр станциялары құрылыстарында кеңінен қолданылады.

Жобаны іске асыру компанияға сұрыпты прокат өндірісінің көлемін арттырып қана қоймай, өнімнің технологиялық деңгейін көтеруге, ішкі нарықтағы позициясын нығайтуға және отандық құрылыс индустриясының дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. 

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button