Аймақта 10 жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде
Аймақта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 нысан салу жоспарланған. Қазіргі уақытта 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағандыда салынып жатқан мектептердің құрылыс жұмыстарымен танысып, өз бақылауында болатынын ұстайтынын айтты. Әрі жұмыстың сапасын бақылап, жұмыс күшінің жетіспушілігіне жол бермеу қажеттігін ескертті.
Салынып жатқан алғашқы жайлы мектептің бірі – Көгілдір тоғандар шағын ауданында. Сыйымдылығы – 1200 орындық. Одан кейінгісі Кендала шағын ауданындағы 2 000 орындықты мектеп.
Гүлдерде салынып жатқан 300 орындықты мектеп те осы жайлы мектептердің қатарында. Осы оқу орыны ашылғаннан кейін сол мекен жайда орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінің жүктемесі азаятын болады.
Бүгінде барлық мектептер бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Материалдарға қатысты ешқандай мәселе жоқ. Құрылысқа отандық тауар өндірушілердің өнімдері пайдаланылуда.
Сонымен қатар, мектепке қажетті жиһаз, заманауи оқу жабдықтарын да сатып алу процесі жүргізілуде. Әр мектепте STEM-зертханалары, робототехника кабинеттері, спорт және тренажер залдары, коворкинг орталықтары болады.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар балалар үшін де кедергісіз орта құру мақсатында тиісті жағдай жасалынады.
Ауылда салынып жатқан жайлы мектептердің де қаладағысынан ешқандай айырмашылығы жоқ. Бәрі бірыңғай стандарт бойынша салынуда.
Бастауыш және жоғары сынып оқушылары жеке кіреберісі бар мектеп ғимаратының әртүрлі блоктарында оқиды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz